Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  148


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖЕҢІСТІҢ ҮНДЕРІ БАР ЖЫРЛАРЫМДА

Көз тіксем
Сонау селді өткеліме –
Сұстанам
От сұрапыл шеккен күнге.
 Ерлермен
Майдан зілін сілкідім бір,
Масайрап сол күн
Жеңіс көктемінде.
Жеңістің өр даусы бар жырларымда,
Сол үн бар
Шаттық шақтың гүл бағында.
Жеңістің өрен даусы жаңғырықты,
Еңбектің дүбірінде, ырғағында.
Қанатын жайды Отан
Шың-құздарға,
Космоска, тұңғиыққа, жұлдыздарға.
Даңқты дәуіріне жетті елім,
Жететін өзге елдер жүз жылдарда...
Шықты елім салтанатпен өріске кең,
Айбатты, құдіретпен, жеңіспенен –
Сескентіп алапатшыл сойқандарды,
Тықсырып қорқынышты соғыс деген.
Біз көкке көтереміз Жеңіс туын!
Жерде біз
Шалқытамыз ырыс гүлін.
Сақтаймыз бейбіт шақты, ел бақытын,
Сақтаймыз бөбектердің тыныштығын.
Жайна, Күн, бейбітшілік әлеміне!
Дәурен бар таң-тамаша кең елімде.
Достарым, жырла бірге шаттық жырын,
Жеңістің үндері бар өлеңімде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу