Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  285


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖЕРІНДЕ ЕВРОПАНЫҢ

Арылып дүние сойқан әлегінен,
Ашылды бейбіт шақтың әлемі кең.
Желбіреп көгімізде Жеңіс туы,
Жерінде Европаның келемін мен.
Дамылдап Отанымның дауыл кегі,
Жазылды оқ шырмаған дәуір белі.
Қуандым,
Алшаңдады айналамда
Азаткер советтің әр жауынгері.
Көп жұрттың туды бүгін аңсағаны,
Шалқыды тұншыққанға таң самалы.
Жайнатып сол нұр түнгі Праганы,
Оятты ойрандаған Варшаваны.
Бетімді өпті жылы желдің лебі,
Жеңістің жырын шертіп жел гуледі.
Москва салтанатпен жаңғырықты,
Масайрап жеңімпаздар Берлиндегі.
Дүбірі даңқымыздың кетті тарап,
Айбатпен
Европада өтті парад.
Бас иді алдымызда соғысқұмар,
Азаткер туын сүйді кәрі поляк.
Жайнап тұр жат көшелер алқызылмен,
Нұр ойнап толқындаған таң жүзінен.
 Жеттім мен Жеңістің бұл биігіне
Қырғынның, сұрапылдың
қанды ізімен.
Көрдім мен өртелген көп қалаларды,
Иесіз талай үйлер қараң қалды.
Күрсіндім,
жетім-жесір зарын естіп,
Жүрегім жауынгердей жараланды.
Сол бір сәт тұла бойым кетті мұздап,
Мерт болды-ау жиырма миллион
қайран боздақ.
Солардың көзі маған жаутаңдады,
Теңселіп қалдым құлап кете жаздап.
Тебірендім қан соғысқа айтып нәлет,
Еліме оралмасын қайтып әлек.
Сүйсіндім құдіретті Отаныма
Әлемде өзге жұрттан даңқы бөлек.
Жеңіс күн!
Бейбіт бағым ашылған шақ,
Келеді жеңімпаздар басып алшақ.
Ұсынды бізге гүлді
чех аруы,
Биледі венгер қызы шырқап ән сап...
Жерінде Европаның мен келемін,
Өзімнен озып алға желді өлеңім.
Жырладым –
Тұңғыш сонау Жеңіс күнін,
Тербелген тыныштықтың кең әлемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу