Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  311


Автор: Қалижан Бекхожин

ЕСІМДЕ ӘЛІ СОЛ КҮНДЕР

Жайнайды алда, шуақты
Жарқын күннің белесі.
Кетпейді естен бірақ та
Сұрапыл шақ елесі.
Үрейлі түс көргендей,
Жатам түнде күбірлеп.
Құлағыма келгендей
Соғыс даусы дүбірлеп.
 Көз жұмып ем, зыр қақты
Дабылдары шайқастың,
Тітірентіп Карпатты,
Шыңын соғып тау-тастың.
Елестеді лап берген
Жойқын әскер тізбегі.
Қашқын жаудың бөктерден
Қан жосыған іздері.
Маған маза бермеді
Күркіреген сол сарын.
Елестеді өрт жері
Ойран болған Польшаның.
Селк еттім де тұра кеп,
Айғайладым атой сап,
Немістер жүр бүрсеңдеп,
Жан-жағына айғайлап.
Сол сұрапыл соғыстан
Шеру жыр көп жадымда.
Өрендердің оққа ұшқан
Ызасы бар жанымда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу