Аңыздар ✍️

  08.04.2022
  387


Автор: Қалижан Бекхожин

КАРЛ ПАТША МЕН АЛТЫН АСҚАР

Рим императоры Карл ІҮ (1316-1378) бір заманда Чехияны жаулап алып, табиғаты сұлу өлкені өзіне отар еткен. Чехияның королі атанған Карл аңыз бойынша аң аулап жүріп, суы бұрқылдап жатқан ыстық қайнарға кездеседі. Сол қайнарға Карл емхана сарайлар салдырады. Қазіргі дүниежүзілік курортқа айналған шипалы су – “Карл қайнары” болып аталған. Өлең сол аңызға негізделді.
Қоштасып император шулы Риммен,
Аттанды алыс жаққа ду-дүбірмен.
Қасында нөкері бар ығай-сығай,
Үркітіп аң мен құсты, жұртты бүрген.
Жері бар қол астында ұлан-байтақ,
Шыққан жоқ патша әлі бәрін байқап.
Чехия жатыр сонау бір қиырда,
Отары – орман, таулы бұл бір аймақ.
Жарқылдап дулығасы – бас айбары,
Астында алабұртып ат ойнады.
Чехтардың королі ол ну өлкені, –
Жаһангер көрген сайын масайрады.
 Аударып ат тұяғы талай тасты,
Аптығып жортуылдар асқар асты,
Седлецтің шоқысына шықса Карл,
Алдынан алтын түкті арқар шықты.
Қарпуға дарқандарды құмар патша,
Желіккен алдынан аң бұлаң қақса.
Лап қойды жасағымен жау көргендей,
Карл – шат,
сол қашқанды бір аунатса.
Карлдың шаңқылдады өр дауысы,
Жұлдыздай зымырады тау тағысы.
Аңқылдап арлан тазы қуып кетті,
Арқардың қаңбақтай боп қамқа түсі.
Құйғытты шапқандай бір Карл жауға,
Арқарды түсіруге тұтып ауға.
Теректей бұта мүйіз тау серкесін,
Қанды тіс қалды таяу тақымдауға.
Арқарды тазы жақын айқасуға,
Бұрқырап қайнар жатыр сай тасында.
Жануар сасқалақтап,
сол өзенге,
Күмп берді, ыстықтығын байқасын ба?
Артынан арсылдап ит қызып жетті,
Иірімге аусар шіркін түсіп кетті.
Қазандай қайнап жатқан долы суды,
Ақ арқар мүйізімен сүзіп өтті.
 Қиядан соққандай бір құйын қатты,
Аңшылар таудан төмен жүйткіп ақты.
Қиқулап келсе Карл, арланы жоқ,
Қайнарда терісі тек жидіп жатты.
«Қалайша тазым батты су астына?
Бұл суға әлде жауым у шашты ма?
Дунайдың нөпірінен есіп өткен
Сырттанды жидігендей жын басты ма?»
Деп Карл, ойға батып тұра қалды,
Патша ғой жүзген талай тұнықтарды.
Бұйырды нөкеріне: – Бір жан болса,
Табыңдар, тінтіп мынау тұйық тауды!
Жортуыл түре шауып сол аймақты,
Әп-сәтте алып келді шал бейбақты.
«Не сыр бар мынау суда,
у септің бе,
Арланым, жедел жидіп, қалай қатты?
Ақырды Карл солай ақсақалға, –
Торымен балықшы шал басқан алға,
Чехтың қариясы, көпті көрген,
Бас иіп қайыспаған патшаларға.
– Цезарьдің нәсілінің, айбаты зор,
Өзен көп қол астында, байтағың мол,
Жаһангер болсаң асқан, жай суларды,
Өзінің арнасында қайнатып көр!
Жерімнен қайнап шыққан бұл бір бұлақ,
Ыстық су бұршақ атып жатыр тулап.
 Ит түгіл жидіп қалар арыстаның,
Адамға дәрі мұның нәрі бірақ.
Шипалы суатым бұл сайымдағы,
Келген жат қасиетін айырмады.
Осы су дарыған жан, денедегі
Не түрлі сырқатынан айығады
Еліме сілтеп қанды айбарыңды,
Төстедің торла алтын аймағымды.
Тасымды таптасаң да,
тақсыр патша,
Лайлама дертке дауа қайнарымды.
Бұл сөзге Карл сонда елең етті,
Осынау суды бұрын елемепті.
Шақырып білгіштерін білді патша,
Шипалы қайнардағы кереметті.
... Римнен не шеберді алдырыпты,
Ғажайып сарайларды салдырыпты.
Сән құрып пейішінде чех жерінің
Өз атын Карл сонда қалдырыпты.
Кайзерлер билеп өткен көп заманда,
Шипа тау сая болды мырзаларға.
Тықсырып корольдарды, барондарды,
Өзендей келді дәуір зулап алға.
Дәру су ағып жатыр баяғыдай,
Будақтап қайнар оттың алауындай.
 Чех қарты мақтанады!
Жоқ деп, сірә,
Әлемде жанға дауа – ая мұндай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу