08.04.2022
  288


Автор: Абдрахман Асылбек

Малыбай

Арқа таңы арайлы,
Ағартты бар маңайды.
Алты күндей көшкен ел
Алға үмітпен қарайды.
Байтақ дала керілген,
Еш нәрсе жоқ көрінген.
Әрең жүріп келеді,
Кердең басып кер інген.
Бір қарт отыр үстінде,
Көз ілмеген үш күнге.
Өлім-өмір белдесті,
Сынамақшы, күш кімде?
«Жеңем!» – дейді табиғат,
«Жеңем!» – деді адамзат,
Өмір сүргім келеді,
Өлім деген маған жат».
Арқа желі екпінді,
Мен жеңемін деп тұрды.
Соңғы суын сарқылтып,
Торсықтарды кептірді.
Ойдым-ойдым ойларда
Су болмас деп ойлар ма?
Мойнын созып мұңайып,
Маңырайды қойлар да.
Қарасаң да қадала,
Еш нәрсе жоқ далада.
Шөлдедім деп жылайды
Шыдамсыз жас бала да.
Күн шыжыды, түс болды,
Анық қиын іс болды.
Ерінге ерін жабысып,
Әрмен жүру күш болды.
Көш тіреліп өрге кеп,
Асқан кезде өрмелеп,
Сай көрінді ар жақтан
Шағын ғана дөңгелек.
Болса да күн тым ыссы,
Шапшаңдатып жүрісті,
Шөліркеген қойлар да
Тез жетуге тырысты.
О, керемет! Көз салғын:
Сайдың іші көк шалғын.
Су жоқ көзге шалынған,
Лебі, бірақ, сап-салқын.
Інген басын жалт бұрып,
Сөйлеп кетті қарт тұрып:
«Қасиетті жер екен,
Жетсін жылдам артқы жұрт.
Бұдан әрі көшпейміз,
Азап шөлін кешпейміз.
Суы жатыр тайызда,
Үміт жанды, өшпейміз».
Түсті де қарт інгеннен,
Қазды құдық тың жерден.
Құмды қардай боратты,
Мұндай күшті кім көрген?
Қарт құлашын нықтады,
Қоршаған көп құптады.
Қанша терең қазса да,
Жылтырап су шықпады.
Кетпен әрі бармады,
Ешбір амал қалмады.
Қазық қақты енді қарт,
Пұт жарымдық салмағы.
Қазық бойлап көп батты,
Арқан байлап, ел тартты.
Сол кез қазық орнынан
Шапқылап су көкке атты.
Сайды лезде көл жапты,
Күнбұрын кім болжапты?
Құрбан болып көп үшін,
Көл түбінде ер жатты.
Көлжиегі кең жатты,
Жер бетімен тең жатты.
Көбігінен көз алмай,
Жағасында ел жатты.
Жан жүйесі сөгіліп,
Ел жылады егіліп.
Қала берді есіл ер
Көл түбінде көміліп.
Жұлдыз шықты жымыңдап,
Самал соқты сыбырлып.
Кемеріне келіп көл,
Қайнап жатты шымырлап.
Аңызы ғой халықтың,
Айта алады анық кім?
Ер атымен сол бір көл
«Малыбай» боп қалыпты.
Діріл қақса Малыбай,
Нұрын төгер жарық ай.
Қарай бергің келеді,
Тауып рахат, жаның жай.
Жүзсе қаз бен қулары,
Шолпылдайды сулары.
Әлі талай жыр туар
Ер Малыбай турады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу