08.04.2022
  937


Автор: Абдрахман Асылбек

Ай туралы аңыз

Ерте кезде алтын Ай
Көкте күміс Күнменен
Қатар қалқып жарқырай,
Қайғы-мұңды білмеген.
Ай – сұлу қыз,
Күн – жігіт,
Көзін тіккен бар аспан.
Бірге тұрып, бір жүріп,
Әзілдері жарасқан.
Қыдырса да қай түнде,
Бірге төккен жарықты.
Сөйтіп жүріп Ай Күнге
Ғашық болып қалыпты.
Қыз жігітке, бірақ та,
Айта алмайды сыр ашып.
Айлар қалды жырақта,
Жыл артынан жыл асып.
Орнаса да қайғы-мұң
Жүрегіне мекендеп,
Ойламады Айды Күн
Маған ғашық екен деп.
Жалғыз жары жиҺанда
Жерге ғана төкті нұр.
Бөлеп исін жұпарға,
Көктем сайын екті гүл.
Күлімдесе таңда анық,
Көкжиектен Күн шығып,
Сала берді жанданып
Жер бетінде тіршілік.
Қалғыса Күн аз ғана,
Бұлт көрпесін жамылып,
Қалады Жер наздана,
Жалғызсырап, жабығып.
Сыр түйінін шешіп Күн,
Көзін қайта ашады.
«Кешіргін, – деп, – кешіктім», –
Алтын шапақ шашады.
Бұдан әрі Ай Күнмен
Бір жүруге төзбеді.
Қамықса да қайғымен,
Көрінбеуді көздеді.
Шыдай алмай намысқа,
Кетті түнге тұңғиық.
Күміс Күннен алыста
Тұрды жалғыз тым биік.
Қызыға ел қарайды
Ғашықтарға нұр құйып.
Атса да таң арайлы,
Тұнжырайды тұңғиық.
Ертелі-кеш тынымсыз
Жымыңдаса жұлдыздар,
Тұрады Ай түк үнсіз,
Дидарында мұңлы із бар.
Күтеді ол үнемі
Жұлдыздардың батуын.
Түріліп түн түнегі,
Ағарып таң атуын.
Амал қанша, нұрланып
Күн шыққанда жайдары,
Көкшіл көктен ұрланып,
Жасырынар Ай-дағы.
Талай заман арада
Өткенімен білінбей,
Ай қарайды қадала,
Таң нұрынан түңілмей.
Ойлай-ойлай ғашығын,
Талыпты Ай, арыпты.
Ағы артып шашының,
Беті әжім боп қалыпты.
Қарамайды Күн оған,
Жат боп кеткен сүйегі.
Өз ғашығы ұнағын –
Жерді ғана сүйеді.
Соған ғана төгеді
Алтын арай шапағын.
Саған ғана береді
Салтанатты шат әнін.
Өтті заман, өтті көп,
Сырып тастап ескісін,
Мың құбылып кетті көк,
Көзді тартып кешкісін.
Қуанышты күйге енді
Кең аспанның айдыны.
Алтын сәуле үйге енді,
Ай ұмытып қайғыны.
Ағаларым жасаған
Зымыраным ұшты Айға.
Екінші жақ тасадан
Оралып кеп түсті Айға.
Ашылып Ай қабағы,
Жарқырады Түн тағы.
Қиыла кеп қарады,
Күлім қағып Күн-дағы.
Көріп Күннің құрметін,
Ай мұң-шерін таратты.
Бүркеп келген бір бетін
Жер шарына қаратты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу