08.04.2022
  368


Автор: Абдрахман Асылбек

Балшық бала

Жеті жасар Өнербек
Жаралыпты шебер боп.
Түрлі мүсін жасауға
Күш-жігерін бөлер көп.
Аюды да, пілді де,
Бүркітті де. шілді де
Саз балшықтан жасайды,
Тыс қалмайды түлкі де.
Өнербек көп ойлады,
Ой түбіне бойлады.
Тапты жақсы жаңалық,
Таппай оны қоймады.
Кезіп бетпақ даланы,
Қою батпақ табады.
Сол сапалы балшықтан
Жасап шықты баланы.
Аяғы бар, қолы бар,
Арқасы бар, жоны бар.
Мүше түгел он екі,
Бәрінің де орны бар.
Бірақ, бірақ, сол бала,
Секілді бір қор бала.
Қимылдайтын жаны жоқ,
Бар қиындық сол ғана.
Өнербек шын мұңайды,
Көздің жасын бұлайды.
Жан бітір деп балаға,
Кімнен көмек сұрайды?
Ұға алмай сырын нақ,
Ұйықтап кетті пырылдап.
Періште кеп сол кезде
Былай деді сыбырлап:
«Өнербек, сен мұңайма,
Мұңаюың ұнай ма?
Жан бітір деп балаға,
Шын жалбарын Құдайға».
Тұра сала Өнербек,
Тілегімді берер деп,
Жалбарынды Құдайға,
Жарылқар деп, жебер деп:
«О, Құдайым, қолдай гөр,
Еңбегімді оңдай гөр.
Жан бермесең балаға,
Елін қорғар болмайды ер».
Арада бір күн өтті,
Құдай берді тілекті:
Балшық бала көз ашып,
Тұла бойы дір етті.
Аяқ-қолшы қозғалды,
Еңбектеуге аз қалды.
Алғыс айтып Аллаға,
Өнербек шын мәз болды.
Балшық бала бөбек қой,
Бөлек тұлға, бөлек бой.
Сәби жарық көрген соң,
Атын қою керек қой.
Періште кеп тағы да,
Айтты ағынан жарыла:
«Жан бітірді балаңа,
Құдай қолдап бағыңа.
Азан айтып шақыра,
Есім бер сай затына.
Қазақы ұлттан шыққан соң,
«Қазақ» болсын аты да».
Шырқап достар шат әнді,
Думандатты шаҺарды.
Балшық бала сол сәттен
«Қазақ» болып атанды...
Бірақ, бірақ, бірақ та,
Өтпей жатып бір апта,
Балшық бала тұрам деп,
Қала берді құлап та.
Ойнамайды, күлмейді,
Томпаң қығып жүрмейді.
Не болмаса айтатын
Бір ауыз сөз білмейді.
Өнербек шын мұңайды,
Көздің жасын бұлайды.
Қазақ жүре білсін деп,
Кімнен көмек сұрайды?
Өнербек шын мұңайды,
Жаны ауырған сыңайлы.
Қазақ сөйлей білсін деп,
Кімнен көмек сұрайды?
Қазақ ойы өрістеп,
Өркен жайса, теріс пе?
Түнде келіп тағы да,
Кеңес берді Періште:
«Өнербек, сен налыма,
Қазағың бар бағыңа.
Жеті жасқа толғанша
Жауаптысың бабына.
Қазақ бірге толады,
Жүретұғын болады.
«Ата», «Апа» сөздерін
Білетұғын болдады.
Осы жастан бастап ол
Жүрмеу керек басқа жол.
Қазақ тілі бірінші –
Қасиетті қасқа жол.
Екінші жол сарасы –
Ұлттық салт пен санасы.
Өзге әдет-ғұрыптың
Болмау керек таласы.
Үшінші жол – біліңіз,
Мұсылмандық дініміз.
Осы үш жолдан адассақ,
Қараң қалар күніміз.
Болсын десең Қазағым,
Толсын десең Қазағым,
Кіргізуге тиіссің
Осы жолдар ажарын.
Қазақ тілі – базарың,
Қазақ тілі – наз әнің.
Өз тіліңді білмесең,
Айықпайтын азабың.
Тілі жоқ ел бұлт болар,
Салт-дәстүрден сырт қалар.
Бірте-бірте жоғалып,
Ақыр соңы жұт болар.
Тілі бар ел ұлт болар,
Мемлекет боп мықталар.
Өркен жайып, гүлденіп,
Болашағы құт болар»...
Осыдан соң Өнербек
Ойға батты нелер көп.
Періштені күтпеді,
Енді көмек берер деп.
Тұла бойы құрысты,
Шекесі де тырысты.
Үйретпеген өз тілін,
Ата-анаға ұрысты:
«Атам неге «Дедушка»?
Әжем неге «Бабушка»?
Әкем неге «Папаша»?
Анам неге «Мамаша»?
Не мәні жоқ, өңі жоқ,
Өзге атаудың жөні жоқ.
Өнербек деп тұрғанда,
Неге болам «Онучок»?
Қап-қара боп көздерім,
Айтам орыс сөздерін.
Бай тілінен қазақтың
Не себептен безгенмін?
Жеті жасқа көшіп күн,
Өзге тілде бөсіппін.
Әрмен қарай жол бермен,
Кешіксем, мен кешіктім.
Ал, Қазаққа кеш емес,
Ұзап кеткен көш емес.
Бір жасынан бастасам,
Болмақ емес бос елес.
Қазақ – менің үнім де,
Қазақ – менің күнім де.
Жеті жасқа жеткенше
Баулимын өз тілінде.
Сонда Қазақ өлмейді,
Өркен жайып, өрлейді.
Тілі, ділі, дінінен
Еш кемшілік көрмейді.
Жетсе жігер-шамамыз,
Жетілер ой-санамыз.
Сонда ғана бәріміз
Нағыз Қазақ боламыз.
Құлпыртпаса көгалды,
Күтушіге обал-ды». –
Осылай деп Өнербек,
Тынысын бір кең алды.
* * *
Топырақтан таралдық,
Топырақтан нәр алдық.
Құдіретімен Құдайдың
Адам болып жаралдық.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу