Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  318


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖЕҢІСТІҢ ЖАРҚЫН ЖЫЛЫНДА

Зымыра жыл құсындай жаршы жырым!
Халқыма сәлем айтып баршы бүгін.
Шалқысын ел мерейі
Мерекелеп
Жеңістің жемісті бұл жарқын жылын.
Жеңістің қуатымен кереметті
Отаным биіктерге өрлеп өтті.
Халқымыз жеңістердей майдандағы
Құлашын қияларға сермеп өтті.
Жеңістің қуаты бар ел ісінде,
Жұмысшы, шаруаның өр күшінде,
Заводтың шебер соққан құрышында,
Малгердің мал қаптаған өрісінде.
Болатшы станокта – тұғырында
Үн қосар дүбірімен той жырына.
Дихандар кең жаяды дән өрнегін
Кешегі қар бүркеген тың қырына.
Халқыма, жаңа жылым, жайнап көрін,
Гүлдетіп бейбіт шоқтың Май көктемін.
Сап түзеп алшаң басып ардагерлер,
Ән шырқар жас ұрпақ пен бөбектерім.
Жылдардың жаршысымын, жыл құсымын,
Жеңістің жауынгерлік жыршысымын.
 Сол Жеңіс туған күні
Майдан кешкен
Ерлерге өлеңіммен гүл ұсындым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу