Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  218


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕН ПРАГА

Шықтым қырғын-сүргіннен,
Жарқырады, атты таң.
Өлеңдетіп тұрдым мен,
Таңмен туған шаттықтан.
Көгімді, бұлт, торлама,
Гүрсілдеме, зеңбірек.
Жайнады алтын Прага,
Жеңіс туы желбіреп.
Жеңімпаз күш тасқыны
Толқып ақты шерумен.
Асыр салған басқыншы
Қашты Чехтың жерінен.
Көктем гүлі ашылды,
Көкте жайнап Жеңіс күн.
Біздің күшке бас иді.
Сойқандары немістің.
Жасарыпты жау кеткен,
Желек шашып осы аймақ.
Көшелерге лек-лекпен
Чехтар шықты масайрап.
 Жайып бәрі құшақты,
Көптен күткен ерлерге,
Қуанышпен гүл шашты
Азаттық ала келгенге.
Өрендермен алаңда,
Билеп кетті қыздар көп.
Гүл ұсынды маған да
Қуанышқа қызған топ.
Жайнап кетті Прага,
Боялғандай алтынға.
Алғыс жауды «Уралап»
Ұлы совет халқына.
Куәмін мен сол шаққа,
Жаңғыртып жыл өткенін.
Тойлап өттім алшақта,
Жеңістің нұр көктемін.
Жеңіскерлер легінде,
Ерлік жырын бастадым.
Жеңімпаз тойлы елі де,
Шалқиды енді дастаным.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу