Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  199


Автор: Қалижан Бекхожин

УАҚЫТ БӘЙГЕСІНДЕ

Қаламым қолымдағы құс қанатым,
Жүйрік жыр бәйгесіне қосқан атым,
Өлеңнің аспанында асқақтаймын
Зымыран кемесіндей космонавтың.
Өр ақын мойымайды шал дегенге,
Өлеңмен өршіп келем, шалқып кеуде.
Өрнегі өлеңімнің жатыр жайнап,
Масайрап өзім өткен жарқын белде.
Шыңдалдым поэзия қайнарында,
Сол менің мерейім де, айбарым да.
Әлі де жетер күшім шайқасуға
Айтысқа ақындықтың майданында.
Уақыттың өзі жарыс, бәйгесі бар,
Қаламын жүйрік ақын қайрап шығар.
Елімнің әр жеңісі мерекедей,
Шын жаршы әр белесте сайрап тынар.
Қосамын жыл тұлпарын сол бәйгеге,
Уа, жырым,
Заман сырын шын әйгіле!
Уақыттың сыр беттерін ақтарамын,
Кеудемде кең тынысым тынбай мүлде.
Әлі де мен баспаған шығандар бар,
Өмірден әлі алар сыбағам бар.
 Бастадым сыр дастанын, күйінсін деп
Мен жырдан сарқылды деп сынағандар.
Сүйсінем қазіргі жас ақындарға
Ұмтылған өр дауыспен батыл алға.
Сеземін жырларынан өршілдікті
Үн қосқан жедел жүйрік уақыттарға.
Мен әлі жүйріктермен жарысамын,
Биікте озықтармен табысамын.
Бәйгеге түнде толғап жыр баптасам,
Ашады маған жарқын таң құшағын.
Елімнің ақ мерейін айдын көрем,
Мен үшін жарқырап тұр, айқын әлем.
Поэзия тербетеді жүрегімді,
Өлсем де өлеңімді айтып өлем!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу