Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  358


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖҮР, БӨБЕГІМ, ЖҮР, ЖЫЛДАМ

(Нәрестем Мирасгүлге)
Жүр, бөбегім, жүр жылдам,
Ақ шанаңды ала жүр.
Ақ торғынмен жылжыған
Келе жатыр Жаңа жыл.
Көкем, күтіп тұрмайық,
Қалсын анаң қалғыған.
Жүр екеуміз шығайық
Жаңа жылдың алдынан.
Ақша бұлттар аспанда
Аққу, қаздай жебелеп.
Жерге шашау шашқан ба?
Ақ моншағын себелеп.
Жалтырайды ұлпа қар
Әппақ түсті бояудай.
Омбы белде ұландар
Ойнақтап жүр қояндай.
 Құздар алтын шатырлы
Жамылғаны ақша қар.
Сені тойға шақырды
Алқа таққан аршалар.
Қар бораса бүлк етпе,
Аяз Ата — мен өзім.
Сендей балғын бөбекке
Күндей ыстық мінезім.
Ертең тауға, кім білсін,
Ертіп сені барам ба?
Уыз денең шынықсын,
Үйрене бер боранға!
Болдым мен де жас ұлан,
Өсе келе шынықтым.
Демін жұтып жасымнан
Сұрапыл мен суықтың.
Аязда да ойнай бер,
Жылама да жаурама.
Ақ қояндай жайнай бер,
Аппақ қарға ауна да.
Сескенбе сен суықтан
Боз торғайдай бүрсиіп.
Бал бетіңді домбыққан
Жылытармын бір сүйіп.
Барып тауға, Мирасым,
Жаңа жылды тойлайық.
 Шырын денең ширасын,
Қар лақтырып ойнайық.
Ақ қанатын жаңа жыл
Алатауға тұр жайып.
Жаңа жылдан — дана жыр
Екеуміз бір тыңдайық.
Білмейсің-ау, бөбегім,
Сақал-шашы қыраулы,
Әлі де жас, өлеңі,
Әкеңді — қарт жырауды.
Жырлар едім мен саған
Аңыз болған күн жайлы.
Сөзімді жыр аңсаған
Барша бала тыңдайды.
Сол жырымды, сәбиім,
Сен де оқып білсең-ау!.
Несіне мен налиын,
Арманым сол — болшы сау.
Сең-сең қардан сен үшін –
Аққаланы салайын.
Мәрмәр мұздай сен үшін
Сырғанақты соғайын.
Сен зымыра шанаңмен
Аққан құстай аспаннан.
Болашаққа, саған кең,
Сапарың бұл басталған.
 Ақша құзда — ақ сарай,
Тұр ғой саған арналып.
Айналасы бақшадай,
Төсеніші — қар-мамық.
Ұстап берем — қоянның
Көжегімен ойнайсың.
Алтын қарлы аяңның
Қызығына тоймайсың.
Басы қарлы тұр терек,
Қойды баққан атадай.
Балалар жүр еркелеп,
Тайраңдаған ботадай.
Балалық сол ойнақта,
Мәз-мереке базар бар.
Жүрген шығар сол жақта,
Ақмарал мен Ажарлар.
Мейлі сонау шыңдарға,
Есе берсін Ерландар.
Мен болдырсам — сені алға
Жетектейтін Гүлнар бар.
Жүр, Мирасым, жүр жылдам,
Жетейік тез тау жаққа.
Аса бер сен шың-құздан,
Мен қалсам да аулақта.
Артта қалды кезеңім,
Мен де асыр салар ем.
 Ал, асқардан, көжегім,
Зымыра, сен шанамен!
1976 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу