Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  267


Автор: Қалижан Бекхожин

АҚЫН ҚЫЗҒА

(Қаниса Қосыбаеваға)
Баян таудың
безендіріп алқасын –
Бауырында
бұлаңдаған аршасың.
Мөлдір көзбен,
Жасыбайдың көліндей
Биіктерге
қарап өстің, қалқашым.
Сұлу Баян –
сәулеті ғой ән-жырдың.
Бұлбұлы мен
сипаты көп әр гүлдің.
Құмда туып,
ата тауға табындым,
Баянның мен –
жыр даусымен жаңғырдым.
Жыршы қызым,
шағын, шымыр мүсінің.
 Өлеңіңді оқып неге
қымсындың?
Бірақ сенің
албырт, ерке үніңнен
Жас жаныңның
тербелісін түсіндім.
Жыр жолдарың
кейде келер бұралаң.
Ырғағың бар
Кейде шалыс бұраған.
Бірақ ұшқыр сөздеріңе
Қуанам –
Тас бұлақтай
таудан тулап құлаған.
Тұла бойы –
тұрған қызсың сызылып.
Сырың өткір,
Қаныңда бар қызулық.
Сірә, түнде
қарайсың-ау жұлдызға,
Жұлдыздай жар
жайнар ма деп қызығып.
Сезгір қызым!
Балғын шағың – жыр жазың.
Жырла батыл
Махаббаттың сыр-назын.
Жүректерін тербе құрбы қыздардың,
Дәмелендір жігіттердің сырбазын.
Бала құссың
сұңқылдаған көктемгі.
 Көрдім талай
үні ерте өскенді.
Қалқашым-ау,
жетілгенше жыр топшың
Қағып кетіп жүрмесін
бір бөктергі.
Ақын деген –
адуынды, дулы жұрт.
Мазасызбын,
күні-түні жыр қуып.
Ерді ерте құшқан жыршы қыздар жүр,
Тордағыдай үні шықпас булығып.
Ақын қалқам,
ізден, оқы, батыл бол.
Сапарында
қилы-қилы жатар жол.
Поэзия асулары – шырғалаң,
Өрле жырмен,
сөзі сұлу ақын бол!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу