Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  468


Автор: Қалижан Бекхожин

БАҚТАШЫ ЖЫРЫ

(Павлодар облысындағы «Қарасу» совхозының аға бақташысы Сүйіндік Байшинге арналды)
Кім білмейді бұл маңда Сүйіндікті?!
Ол жігіт қой, тықсырған қиындықты.
Ол қаңтарда қарысып ақ боранмен
Сақтап шықты – түлігін күйі мықты.
Ол көктемде нөсерге шомылады,
Көкті белге мал айдап сабылады.
Шағыл болса, табынын шұбыртады.
Саумал көлге, жайнаған сағымдағы.
Оның жазда, шапшаңдап адымы алға,
Қолбасшыдай айғайлап қалың малға,
Жүгіреді, бір кезде жауды қуып,
Бөгенбай батыр жортқан адырларда.
Бала жастан бұл жазық етене жер.
Оған таныс – көделер, бетегелер.
Жұтып өсті жасынан уыз сүтті,
Малды бағу ол үшін – төтен өнер.
Оның дархан аясы – көгорай қыр,
Ол үшін – айналасы жағалай жыр.
Мүйізділер секірсе қуанады,
Сақасы алшы түскен баладай бір.
 Ата белдер аңыздай көрінеді,
Өлеңшідей жалғыз бұл өңірдегі,
Даусы шыққан қиялар жаңғырығып,
Көз ұшынан Баян тау керіледі.
Жатса күйсеп өрісте баққан малы,
Малшыларды жинап ол, мақтанады:
«Бұл кітапты түнде мен оқып шықтым
Жақсы екен!» – деп, жыр бетін ақтарады.
Кітап көрсе Сүйіндік мүдірмейді.
Ақындарша асқақтап дүбірлейді.
Ғашықтардың сырларын оқығанда
Майдасына
қас қағып күлімдейді.
Бұл жігітпен кездестім былтыр күзде,
Бөгенбай белесінде, бұлғыр дүзде.
Төбемізде сұр бұлттар сеңдей өріп,
Сымдай жаңбыр сорғалап тұрды бізге.
Басса мейлі, селебе адырларды,
Ол өлеңге иіп тұр кәзір жанды, –
Ежелгі бір өзінің сырласындай,
Сұрап жатыр Сырбайды, Қадырларды.
Шолып өтіп көзімен көп табынды,
Қарап шықты,
ол менің кітабымды.
«Жырыңызда,
неліктен біздер жоқпыз? –
деп далада жырыма мін тағылды.
 Малсақ ол, алдына топ сиыр біткен,
Жыр құмар ол, поэзия сыйын күткен.
Жазықта жалғастырдым өлеңімді,
Жыр досы, дала досы Сүйіндікпен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу