Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  119


Автор: Қалижан Бекхожин

БАҚЫТЫҢ СОЛ, ҚАЛҚАШЫМ


(Қалимашқа)
Апам сені ақ бесікке бөлеген,
Мен көргенде монтиған бір бөбек ең.
Сол бір сәби сипатыңды, қалқашым,
Сүтке тойған қошақанға теңеп ем.
 Балапандай жүгіріп ең бөкеңдеп,
Иығыма асылып ең кетер деп,
Ойламап ем әлжуаз бұл нәресте
Ертең әлі,
сылқым қыз боп кетер деп.
Бұл басымнан өтті талай бұлдыр шақ,
Өстің қалқам, тез құлпырған гүл құсап.
Мен алыстан оралғанда жүгірдің
Желең қағып төбеңдегі тұлымшақ.
Білмей қалдың жылдар қалай өткенін,
Бітті бір сәт зергердегі мектебің.
Ақыл тұнған көздеріңнен, байқадым,
Тұрды жайнап алда бақыт көктемің.
Өз әкеңді көрмей өскен баласың,
Білдің ерте бұл тірліктің бағасын.
Бәйшешектей сені өсірген әлпештеп,
Біздің апай –
мейірімі мол анашың.
Сүйкімді сол мінезіңді сезіндім:
Мөлдірінен сыр тұндырған көзіңнің.
Мәз болсаң да нәзік еді наз күлкің,
Мұңайсаң да –
момақан сол төзімнің.
Берілдің сен жалыныңмен оқуға,
Жастық кездің бүркеп жанған отын да.
Білесің ғой, білімге мен жебедім,
Асыл қыздар гүл емес пе ақынға...
 Есіңде ғой, еркелеген сол шағың,
Сенің жайнар бақытыңды аңсадым.
Сені қалқам, сұқ көздерден қызғанып,
Бөктергіден балапандай қорғадым.
Көздер төнсе, сен ибамен қысылдың,
Төзер қай қыз албырт шақтың қысымын, –
Жарасатын билегенің құрбыңмен,
Дөңгеленіп ақ қояндай мүсінің.
Бітті, оқу жанды білім зердеңде,
Бітті күндер сарылған түн шерменде,
Аяп едім көп оқудың – қағаздай
Қуарған сол дидарыңды көргенде.
Қандай еді, сен қуанған қайран күн
Жемісі ғой талай жылдың, айлардың.
Көріп сенің сол бір шаттық сәтіңді,
Қуандым да бітіміңнен айналдым.
Қуаныштан жаз айындай жайнадың,
Бітті оқу, енді нені ойладың?
Әлде күтіп күрсіндің бе сол бір сәт,
Жаның сүйген өмірдің жас ойнағын?
Өсіпсің-ау сылаң қыз боп, аяулым,
Гүлі болдың Алматыдай аяңның.
Төрт жыл оқу наз жүрегін тұсаған,
Қайран отты сәулелерді аяймын.
Қыз балғындар!
Махаббаттың орманы,
Тек білім бе қыз шіркіннің арманы?
 Қасірет қой ыстық шақта жар сүймей,
Нәрсіз гүлдей ерте солып қалғаны...
Сүйкімді ғой жан сырымен ару жас,
Жар қайғысы – жан қайғысы арылмас.
Білгір қызым, өзің қалап жар таптың,
Бақытың сол – арманың не Қалимаш?
Сүйген жарсыз солды талай қарындас,
Сен гүлдейтін мәуесің ғой әлі жас.
Мәпелеп ек бөбек көріп сені біз,
Енді өзің бөбек сүйдің, Қалимаш.
Әлі бақсам – үйіме де сыймас ең.
Сені ана, –
деп атауға қимас ем,
Бір бала емес, жүз бөбекке ұстазсың.
Қарт анаңды –
жүз мәртебе сыйласаң!
Сағынарсың кейде сол бір шақтарды,
Жүрегіңде ерке күндер сақталды.
Әлі саған қызықтар көп көретін,
Ал, ағаңа – қанша қызық шақ қалды?
Бұл сырыңды, деме, неге айтасың...
Ән салшы бір түйіндерім тарқасын...
Биле алдында, қосағыңмен тербеліп,
Жас киіктей жаны сергек, қалқашым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу