Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  350


Автор: Қалижан Бекхожин

ШАШЫМ НЕГЕ АҒАРДЫ?

(Нағашым Мұқыш Қосыбаевқа)
– Шырағым-ау, шашың неге ағарды,
Әлде біреу кемітті ме бағаңды?
Сенің қара тұлымыңнан сипаған,
Сарғайдың ба ойлап мендей ағаңды?
– Тентегім-ау, мұртың неге қыраулы,
Көрдің бе әлде көп бейнетті, сынауды? –
Деп нағашым, маңдайымнан иіскеп,
Күрсінді де қойды маған сұрауды.
Иә, солай мүсіркейсің шашымды,
Ойлайсың да бір кезегі жас ұлды.
Есіркейсің жиеніңді кешегі,
Көз алдында салған ойнақ-асырды.
Ол күндерім – ертегідей ежелгі,
Балалығым қалай ерте тежелді?
Жігіт шақта өмірменен жарыстым,
Өтуге тез жарып алғы кезеңді.
Өттім кейде басып жанған жалынды,
Мұртым мүмкін сол жалынға шалынды.
Борандарда кейде суыт жол шектім,
Бұл басыма сонда қырау тағылды.
 Жастық дәурен өтті дулы-дабырлы,
Өзгелердей болмадым мен сабырлы.
Тұңғиықтан сөзді сүзіп сарғайдым,
Асықтым мен жұмсап албырт шағымды.
Қайран жастық, саған не бар тең келер?
Жалғыз мен бе, өзгермеген не өзгелер?
Қарындастар жеңге атанып бұл күнде,
Әже болды-ау есіл кербез жеңгелер.
Өкінбеймін өткеніме, нағашым,
Ақша бастың кім кемітер бағасын?
Сондаймын мен, – көрсең қырау басқанда,
Қасқиятын құздың емен ағашын.
Өкінбеймін, ақсақал да атандым,
Мен де қазір өздеріңмен қатармын.
Тек әжемше маңдайымнан сипасаң,
Бала құсап, мейіріміңе батармын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу