Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  245


Автор: Қалижан Бекхожин

ВАСИЛИЙ РАКОВСКИЙГЕ

(Жезқазған кен құрылысының бригадирі, Социалистік Еңбек Ері)
«Менің мысты қалам!» – деп мақтанасың,
Тусаң да сонау Тамбов орманында.
Сүйемін мен де кеннің жас қаласын,
Бұл менің өлеңім де, арманым да!
Хақың бар мақтануға зергерісің
Қат-қабат зәулімдердің, сарайлардың.
Көрдім де құдіретті ерлер ісін,
Қызығып кереметке қарай қалдым.
 Жатыр ма үйлер туып, жер балалап,
Қалай тез қырға бітті құздай қала.
Қолдар ғой сендей шебер берген қалап,
Көшелер көшін созды дүзді айнала.
Заводтар, кең ордалар, нелер заңғар,
Асқақтап тұр даланың кең бетінде.
Солардың сымбатында өрнегің бар,
Солардың сәндігі тұр келбетіңде.
Мызғымас құз таулардай дуал берік,
Құйылды өз қолыңнан мәрмәр шлак.
Бекіттің ірге тасын қуат беріп,
Құмына маңдайыңнан тер тамшылап.
Көремін кеншілерді, көрдің сен де,
Тыныққан сарайларда кең бөлмелі.
Кешкі шақ сол үйлерден түсер сәуле,
Жайнаған жұлдызындай кеудеңдегі.
Тусаң да сонау Тамбов тоғайында,
Ұлысың бұл қаланың ең қадірлі.
Сенімен мен де бірге толғайын да
Құрылыс марштарын – өр дабылды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу