Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  214


Автор: Қалижан Бекхожин

СЕНІҢ ШЕБЕР ҚОЛЫҢНАН

(Ленин атындағы Павлодар трактор заводының атақты слесары Шәкира Незбаеваға)
Жасымда жазығынан Керекудің,
Күйзелген шаруаны көретінмін.
Есімде – өгіз ілбіп, қажып аға
Соқаға басты иіп еретін күн.
 Тапшылық қақтап үйдің тандырларын,
Ауылым шертті талай дәннің зарын.
Білемін ұзын сары талма шақта,
Өзегін нансыз жұрттың талдырғанын.
Тербелмей қаңыраған диірмендер,
Түлемей жатты сұлық өртең белдер.
Болдырған бороздада дымы құрып,
Қайран сол соқа тартқан тор төбелер.
Қуандым құт келгендей құба қырға,
Пайда боп темір тұлпар мұратыма.
Жас едім онда мен де, жармастым тез,
Алғашқы трактордың құлағына.
Ол кезде мұндай емес Павлодарым,
Көне бір бекетіндей сар даланың.
Құздардан самсап тұрған сарайлардың,
Келбетін көріп бүгін таң қаламын.
Тықсырған лашықтарды сол күндегі,
Тәкаппар тұрған қат-қат зәулімдері.
Темірді торталаған заводтардың
Құдіреті қозғар еді тауды ілгері.
Дем беріп мұнаралар түтіндеген,
Торқадай күлтеленді тықыр белең.
Лап берді жүз мың шойын тұяқтылар,
Ертістің сеңдеріндей күтірлеген.
Сол күштің дүмпуінен тау шағылған,
Жасыл дән толқыр ертең сар сағымнан.
Сол сиқыр тетіктерді тұтастырған,
Айналдым, Шәкиражан, саусағыңнан.
 Сендерсің жеңістерден алқа таққан,
Сендерсің шақтан озып алға шапқан.
Мың алғыс құрыш қолды ерлеріме,
Болаттан сом тұлғалы тұлпар соққан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу