Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  105


Автор: Қалижан Бекхожин

ҚАЗАҚ ЖЫРЫ

(Әйгілі орыс ақыны, досым Михаил Лукониннен)
Не болды маған соншама?
Қаттым да қалдым сіресіп.
Әуені өзге болса да
Жанымды билер жыр есіп.
Кемеңгер досым шырқады ән,
Қазақы көзін қиғаштап.
Күн қызарып қырқадан,
Жел жөнелді күй бастап.
Көтерілді сол әуен,
Аспанды кезіп кеті сөз.
Естілді дабыс гулеген,
Жетті кез! Енді жетті кез!
Әуенді қырға шарықтап,
Келді тағы тербелгім,
Домбырадай қалықтап,
Байыппен жырға келді ергім.
Алайда үнсіз алқындым,
«Жетті шақ!» – дедім пернеге,
Қандай шақ? –
сірә, шалқыдым,
 Сол жырмен ұзақ сермеле.
Жүрегімде шоқ жанып,
Демімді жел тұр қысып.
Парашютке шырмалып,
Тұрғандаймын тырмысып.
Бақыт қой көкке қалқуым,
Бөленіп мұндай ән-күйге.
Осы бір әннің шарпуын
Ұмытпаспын мәңгіге.
Қайран қалдым,
еркін мен
Жүздім жырдың соңынан,
Бар дала соған елтіген,
Сүттіген, көркем – сол бір ән.
Ұмыттым қалай оны мен,
Онда марғау ұл едім.
Аласа сонда бойыммен
Бауырынан өттім түйенің, –
– Шөк-шөк! Шөк! – дедім айғайлап,
Түйе шіркін боздады.
Көк жынын күйсеп қайқаңдап,
Өзіңді баса жаздады.
Ал аспан ашық, жап-жалтыр,
Сұрғылт қыр жатыр тас құсап,
Егін сырты арбап тұр,
Онда Елтон, Басқұншақ.
Өршеленді жыр қатты,
Жетті кез!
 Неге жеттік біз?
Мінекей Быков,
бұл жақты,
Есімде, тастап кеткен кез.
Келді кез туған жеріме,
Мейірімім қайта беретін.
Шақырды мені төріне,
Қызығың бар деп көретін.
Туған жерім!
Күніңе сенің тұтығып,
Жалаң аяқ жүгірдім.
Шөгір кірсе отырып,
Табаныма бүгілдім.
Өрді дүзде қой қаптап,
Іздерін құйын құм алып.
Жаумады жаңбыр, күн қақтап,
Бетеге жатты қуарып.
Ал сонау сағым сыртында,
Малымен көшіп жүр қазақ.
Білдім мен:
көрші жұртыма,
Келіп қапты сол азап.
Сорымыз сонда бір қайнап,
Тоғысты қырда зар, қайғы.
Еділге бізді шөл айдап,
Жібіттік бірге таңдайды.
Бұл әнді естіп сол кезде,
Қайнарын жұттым сусындап,
 Тербеді мені тіл өзге,
Жырынан сонда сыр тыңдап.
Естідім мен жасымда,
Домбыра мен ән-жырды.
Жазылар жырдың басында,
Есіме алдым Жамбылды.
Асау ат қой жыр-өлең,
Құлатар еді құрыстап.
Қонғанша бірақ ерге мен,
Тізгінді тұрды ол ұстап.
Жетті кез!
Өлең кеудемді
Кетті кернеп ұлғайып.
Іздесең бақыт дәуренді,
Сәулем, шық!
Бірге толғайық.
Бақытты бол!
Өлместі
ойласаң, серме құлашты.
Аспанның өрін ән кешті,
Даланың сырын жыр ашты.
Естідім мен
жамырап,
Көлдері қырдың үндесті.
Шалқар дала жадырап,
Сағым мен сағым тілдесті.
Келді шақ!
Жырмен өрлеген,
 Көрінді ыстық тірлігім.
Аңсадым бойды тербеген,
Махаббат, достық бірлігін.
Тіледім саған, өзіме
Өмірді бірге тамаша.
Болсаң ғой өзің кәзірде
Менімен мұнда, оңаша...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу