Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  193


Автор: Қалижан Бекхожин

БАУЫРЫ ҰЛЫТАУДЫҢ ҚАНДАЙ ҒАЖАП!


І
Ұлытау таңданамын саған қарап:
Айналаң құмды дала, адырлы алап.
Мың-мың сан, мыж-мыж болған төбелерге
Кім қойған қорған етіп сені қалап?
Қараймын сенің жасыл мұнарыңа?
Бір таусың атың ұлы, тұлғаң кіші,
Сұлу ма әлде тасың сыр алуға.
Мұрасы өткеніңнің жалғыз ғана
Тас төбе шың басында қалған мола
Әлде сыр, әлде алтын сақтады ма,
Білмеймін төңірегің толған оба?
Білуге сол бір сырын ұлы атыңның –
Алыстан аңсап құмар болатынмын.
Алайда ақтармаймын оба сырын,
Емеспін археолог, мен ақынмын.
Қай Жошы қалды екен қай белесте? –
Соларды жүреміз бе сақтап еске.
Оба боп өліп қалған, өткені емес,
Таудағы тірлігімен ұлы емес пе?!
Не сыр бар құм жамылған төбелерде
Гауһар ма түбіндегі, әлде көр ме?
Сүңгісін шыңнан ырғып шыңырауға,
Тауым сен, аш қойныңды инженерге.
Мен-дағы инженермін, бірақ жанның
Досымын, сырласымын тірі адамның.
 Мола емес, оба да емес, тау жастанған
Жұрттың мен жүрегінен сыр аламын.
ІІ
Бауыры Ұлытаудың қандай ғажап! –
Кең жазық, көк майсалы жасыл алап,
Сағым ба, әлде су ма елестеген,
Алыста айна толқын арайлы жақ.
Толқынды өзен емес ырғып аққан,
Ағысын жылжып аққан, елі ұнатқан.
Кең жайлау жасыл шалғын жағасында
Көремін төрт түлікті сыңсып жатқан.
Көрдің бе біткен малды тауға мұндай,
Кеңгірдің қалың біткен құрағындай,
Апай төс өңшең тұлпар жылқылары,
Секірген қырдың тағы құланындай.
Ойыңда ойнап құлын, шұрқырап тай,
Қырында қой толқындай жатыр қаптай.
Маң басқан қазан құйрық қошқарлары
Шайқалтып мүйіздерін шаңырақтай.
Керілген боз бетеге биігінде,
Білмеймін ешкісі ме, киігі ме?
Ақсаңдақ ай мүйізді асыр сап жүр,
Еркелеп төрт түліктің үйіріне.
Көремін тау баласын қозы қуған,
Қызыққан қойдың жұтып уызынан.
Торсықтай толтыра бір қымыз құйған.
Жағалай Кеңгір бойын отыр колхоз,
Үйлері ақша күмбез, шағала боз.
Тартады жүрегімді малдың шуы –
Дегендей сол өзенді жағала тез.
 ІІІ
Шығанда шопан ата шал келеді,
Қарайды сол бір шалға таң боп елі.
Шалдардың осы бір шал атасындай
Өзі де ұлы таудай заңғар еді.
Алдында ала толқын оның мал бар,
Бас иді сол қойшыға барлық ауыл
Баладай құшақтасып жатты шалдар.
Бәрі де анталаған сол кісіге,
Таң қылған шалдығы ма, әлде ісі ме?
Келіпті Москвадан алтын жұлдыз, –
Бұл шалдың ерлігінің белгісіне.
Қай ерлік? Қайдағы бұл жауды жеңген?
Жан еді малмен өскен бала күннен.
Қырық жыл құм далада қой баққанның
Ерлігін енді бүгін қайдан білген?!
Жетпіске жеткен жасы шал Түсіпбек,
Даланың дауылында құм кешіп көп –
Ертеде өткен өмірі қу жапанда
Бірге өсіп, малмен ғана тілдесіп тек.
Бесікте малдың үні оны оятқан,
Малы жоқ, басқаныкін бірақ баққан.
Бабасы малсыз өткен, – мал дегенде
Күрсініп көрінде де аунап жатқан.
Даңқсыз малды бағып өткен баба.
Атағы қойшы деген жалғыз ғана.
Кім білген қойшы сырын жел білмесе,
Сырласы сол кездегі ессіз дала.
Отырған үйінде бай төсін кере,
«Тәйірі қойшы да ерлік іс ете ме?»
Дейтұғын мазақ етіп қой баққанды,
Сол күндер қайғы салған Түсекеңе.
Өмірдің есіне алса сол бір кезін,
 Түсекең тарылатын таппай төзім.
Жетпіске жетсе -дағы жастай қазір
Сүйетін өз үйіндей өз колхозын.
Жасынан емес еді баққа құмар,
Қазір де Түсекеңнің баққаны мал.
Өз малы өзегіндей колхоз малы,
Осы мал өзіне де мақтан шығар.
Аң ғана әрең жортқан Қарақұмда,
Қарамай құмның дүлей боранына, -
Осы шал қалың қойын өргізетін
Өзінің сүйіп алған қарауына.
Қаптаса құба жонға қойлар сыймай,
Тұратын қарап өрдей қолбасыдай.
Секілді шопан ата дәл бір өзі,
Қоралап қой бітетін бар мінезі.
Қозы егіз, қойы семіз жылдан жылға
Шығын боп көрген емес жалғыз қозы.
Қарт қойшы мәлім ғана Кеңгірдегі,
Еліне атаныпты Еңбек Ері, –
Дегенге қой қасына жиналған жұрт
Өзіндей мыңды айдаған ерлер еді.
Өзі де жас баладай тұр қуанып,
Көзінде сол даңқтың нұры жанып.
Қарайды қойларына жұлдызындай
Әперген атақ, мәңгі даңқ.
Қойшының атасындай сол бір шалға,
Бас иген барлық малшы осы маңда.
Маңқиып қарап тұрды Ұлытау да,
Уа, тауым, даңқың сенің, мақтан, мақтан!
Сонау мал түлігің ғой сыңсып жатқан.
Өткеннің обасы емес, ұлысың сен.
Ерлерін Түсекеңдей ел ұнатқан!
1948 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу