Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  141


Автор: Қалижан Бекхожин

БӘЙШЕШЕК БЕТТІ СОЛ БІР ҚЫЗ


(М.Ә-ға)
Құбылып тұрған бәйшешек
Қурай болар солған соң.
Бұхар жырау.
Кездесе қалдық екеуміз,
Жиында, туған қаламда.
Жасында сұлу, ерке қыз
Кемпір болып қалған ба?
Айхай, дүние-ай, асылға
Өткені ме қайран шақ? –
Балғын қыз жүрді қасымда,
Қарақат көзі жаутаңдап.
Бәйшешек беті құлпырып,
Қарайтын маған күлімдеп.
Жүрегім тулап ынтығып,
Құшақтадым «күнім», – деп.
Енді сол қыз – сұр кемпір,
Тұр алдымда бүкшиіп.
Шенеп мені сөйлеп тұр,
Шадыр көзі сықсиып!
 – Есіңде ме, қызық жаз,
Айдын көл біздер шомылған.
Жас ойнаққа болып мәз,
Көбелек қудық сағымнан.
Ауылымыз да сол көлдің
Жағалауын жайлаған.
Ұмыттың ба түндерді,
«Қарақұлақ» ойнаған?
Есіңде ме айлы түн,
Алтыбақан, айгөлек.
Қол ұстасып тербеліп,
Ай астында жайнап ек.
Есіңде ме, жауратып,
Мұз Ертіске сүйредің?
Мені қарға аунатып,
Есіңде ме сүйгенің?
Алдамшы зая үмітпен,
Қалдым ғой құр ұтылып.
Алматыға зыттың сен
Құшағымнан сытылып.
Көп күттім, шыдам қалмады,
Құсамен жаным мұздады.
Қызба едің, арбады
Алматының қыздары.
Аз оқыдым, өкінем,
Әкем өлді, зар қақтым,
 Қайтып жүрем жетім мен,
Өзіме бір кез жар таптым.
Соғысқа кетті күйеуім,
Қаза тапты майданда.
Ұлым болды сүйеуім,
Жесір болып қалғанда.
Ал сен мені ұмыттың,
Жасыңда маған ынтық ең.
Сарқыдым нәрін үміттің,
Жүндеймін енді түтілген.
Оқимын жазған жырыңды,
Сиқырларға құмартып.
Айтшы саған сиқырлы
Кім жабысты қол артып?
Көз қырын бір салмайсың,
Отырмын сенен жыр тыңдап,
Жас әйелге қарайсың,
Мұртыңды сипап қутыңдап.
Кемпір болдым қарама,
Маймылдай қазір ұсқыным,
Шоқ салдың ескі жарама, –
деп жылады міскінім...
Басымды идім, «кешір!» – деп,
Наз мұңы тербеп шертілген.
Құшақтап сүйдім мүсіркеп,
Әжімді тарғыл бетінен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу