Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  244


Автор: Қалижан Бекхожин

ЕРТІСТІ ЖЫРЛАШЫ

(Ақын Аманжол Шамкеновке)
Кезіп қайттық биіктерді, еңісті,
Баурым, саған енді қандай ой түсті?
Көріп әлде
толқыдың ба бұраңдап,
Алдымызда сылаң қаққан Ертісті?
Ертіс бізге –
анамыздың көзіндей,
Жасымызда көрінді көк теңіздей.
Естілді ме, саған үні толқынның
Бала шақта жебелеген лебіздей?
 Алқабынан жасыл ну ғой көрінген,
Сол тоғайдың доланасын теріп ең.
Таңдайыңнан қалса содан жұқанақ,
Ақын інім,
«Ертісім» – деп тебірен!
Ақынсың ғой шартарапты шарлаған
Жерлерің көп жыр жазуға таңдаған.
Үнді жырын, саха сазын шерттің сен,
Қайда жырың?
«Ертісім» – деп тебірен!
Ертісімді жырлап келем мен өзім,
Ертіс менің
жыр бесігім, өзегім.
Тұңғыш жырым толқынында тіл қатты,
Шалқыр әлі өлеңімде өзенім.
Кеудемде әлі ағысының тұр демі.
Мені дулы сыр-сипаты тербеді.
Дастанымда – болашақтың тарихы,
Өр адам, еңбектегі ерлігі.
Туған жерде
сен жырлайтын ұл-қыз көп,
Жарқыраған Ертісіме жұлдыз боп.
Егінші мен сауыншы бар даңқты,
Жырлау үшін тап соларды сен іздеп.
Әне, Ертіс
сәлемдесті бізбенен...
Кесір болды-ау
мынау лайсаң күз деген.
 Жағасында күткен жұртпен сүйісіп,
Тереңіне сүңгіп кетіп жүзбесем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу