👈 қаріп өлшемі 👉

  07.04.2022
  87


Автор: Абдрахман Асылбек

Жаңғақ жыры

Төңірекке өң беріп,
Аялаған анадай,
Тұрды тауда тербеліп,
Тәкаббар бір қарағай.
Жапырағы жайқалған
Жұпар иіс таратты.
Жаңғақтарын май тамған
Жеген аң, құс жаратты.
Тұтқиылдан торғай кеп,
Бір шолып ап жан-жақты,
Тәтті түстік болғай деп,
Шоқып жатты жаңғақты.
Торғайдың бұл шат күйі
Созылмады ұзаққа.
Көріп қалып ақ тиін,
Түспеді әрең тұзаққа.
Тиін енді паңданып,
Бір шолып ап жан-жақты,
Тіл үйірген дәмді анық
Жей бастады жаңғақты.
Тиіннің да шаттығы
Созылмады ұзаққа.
Құндыз келіп қақтығып,
Түспеді әрең тұзаққа.
Құндыз енді қамданып,
Бір шолып ап жан-жақты,
Тіл үйірген дәмді анық
Жей бастады жаңғақты.
Құндыздың да шаттығы
Тым ұзаққа бармады.
Аңдаусызда тәттіні
Желге ұшырып алғаны.
Тышқан көріп таңданып,
Бір шолып ап жан-жақты,
Тіл үйірген дәмді анық
Жей бастады жаңғақты.
Тышқанның да шаттығы
Тым ұзаққа бармады.
Сілеусін кеп шаптығып,
Зәре-құты қалмады.
Сілеусін де малданып,
Бір шолып ап жан-жақты,
Тіл үйірген дәмді анық
Жей бастады жаңғақты.
Оның-дағы шаттығы
Тым ұзаққа бармады.
Салып ұрып аптығып,
Түлкі келіп қалғаны.
Түлкі енді жанданып,
Бір шолып ап жан-жақты,
Тіл үйірген дәмді анық
Жей бастады жаңғақты.
Түлкінің де шаттығы
Тым ұзаққа бармады.
Аласұрып, аптығып,
Қасқыр келіп қалғаны.
Қасқыр енді алданып,
Бір шолып ап жан-жақты,
Тіл үйірген дәмді анық
Жей бастады жаңғақты.
Қасқырдың да шаттығы
Тым ұзаққа бармады.
Мылтығы бар аттылы
Аңшы келіп қалғаны.
Көре сала Қасқырды
Аңшы көздеп бір атты.
Қас албасты басқырды
Қаңқ еткізді – құлатты.
Жаңғаққа жер дем беріп,
Аймалады анадай.
Келер жылы тербеліп,
Бой көтерді қарағай. 


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы