👈 қаріп өлшемі 👉

  07.04.2022
  38


Автор: Абдрахман Асылбек

Қотыр торғай

Жоқ жанашыр енесі,
Қотыр торғай болыпты.
Қышыған соң денесі,
Шеңгелге кеп қоныпты.
Ары-бері сүйкеніп,
Баспақ бопты қышуын.
Шарықтайтын күй кеміп,
Азайтыпты ұшуын.
Әлсізді әлді қорлайды,
Қолға билік тигесін.
Шеңгел шымшып торғайды,
Сұққылапты инесін.
Торғай тозып жүнінен,
Шеңгелменен жауықты.
Кезіп күні-түнімен,
Ешкіні іздеп тауыпты:
– Ешкі, Ешкі еркешім,
Қорлық көрдім шеңгелден.
Қия салшы желкесін
Сол шеңгелдің тербелген.
Жасыл жайлау мекенім,
Жегенім кіл бал құрақ.
Шеңгеліңді не етемін?
Ішкенім де бал бұлақ.
Бар ақылың өзіңе,
Кім деп тұрсың, қарағым?
Көрінбегін көзіме,
Қарыныңды жарамын.
Торғай содан кектеніп,
Ешкіменен жауықты.
Қиындықты көп көріп,
Қасқырды іздеп тауыпты.
– Қасқыр, Қасқыр батырым,
Ешкі мені қорлады.
Бара салып ақырын,
Асай салсаң болғаны.
–Жұқ болатын жұғынға
Бағлан қозы жегенім.
Тамақ емес шынында
Арық ешкі дегенің.
Деп, Қасқыр да қырсығып,
Айтқан тілді алмады.
Қотыр торғай күрсініп,
Бөріні іштей қарғады.
Торғай содан кектеніп,
Қасқырменен жауықты.
Қиындықты көп көріп,
Жылқышыны тауыпты:
Ау, жылқышы бауырым,
Қасқыр мені қорлады.
Сұмның тіліп сауырын,
Соғып алсаң болғаны.
Жасыл жайлау мекенім,
Жылқыларым жұлындай.
Қорқауыңды не етемін,
Жайыңа жүр ұрынбай.
Жылқышы да қырсығып,
Айтқан тілді алмады.
Қотыр торғай күрсініп,
Іштей оны қарғады.
Торғай содан кектеніп,
Жылқышымен жауықты.
Қиындықты көп көріп,
Байды іздеп тауыпты.
– Уа, Байеке, Байеке,
Жылқышың тым қорлады.
Қылығына сай ете,
Сабап алсаң болғаны.
– Көз алдымда түр-түсі,
Жылқыларым дін аман.
Пысық болса жылқышы,
Тиіседі кім оған?
Бай да осылай қырсығып,
Айтқан тілді алмады.
Қотыр торғай күрсініп,
Іштей оны қарғады.
Торғай содан кектеніп,
Баймен шындап жауықты.
Қиындықты көп көріп,
Кемпірді іздеп тауыпты.
– Шешетай-ау, қарашы,
Балаң мені қорлады.
Тоқмойын-ау шамасы,
Жөнге салсаң болғаны.
Кемпір аузын бір ашпай,
Кимешекпен тұмшалап,
Сабауымен құлаштай
Отыр еді жүн сабап.
– Сен секілді қотырдың
Сөзін тыңдар адам жоқ.
Жұмыс істеп отырмын,
Әуреленбе алаң боп.
Деп, кемпір де қырсығып,
Айтқан тілді алмады.
Қотыр торғай күрсініп,
Іштей оны қарғады.
Торғай содан кектеніп,
Кемпірменен жауықты.
Қиындықты көп көріп,
Желді іздеп тауыпты:
– Уа, желім, желөкпем,
Кемпір мені қорлады.
Соға салып сен өктем,
Жүнін шашсаң болғаны.
Жел азырақ тыйылып,
Іші пысып тұр еді.
Табанда тез түйіліп,
Қаһарына мінеді.
Кемпірге кеп шүйіліп,
Әбігерге түсірді.
Құйындатып, үйіріп,
Жүнін көкке ұшырды.
Кемпір қатты күйініп,
Жауырыны құрысты
Қабағы тас түйіліп,
Баласына ұрысты:
– Жылқышының не жасап
Жатқанын сен білмейсің.
Көрсетсе де жел азап,
Құлағыңа ілмейсің.
Бай бұл сөзге күйініп,
Тас түйілді қабағы.
От қамшысын үйіріп,
Жылқышыны сабады:
– Қасқыр шауып жатса да,
Малыңа сақ болмайсың.
Жанға шығын батса да,
Жылқышы боп оңбайсың.
Жылқышы шын күйініп,
Атын төпеп басқа ұрды.
От қамшысын үйіріп,
Қуып берді Қасқырды.
Қасқыр әрең құтылып,
Қуып берді Ешкіңді.
Ешкі-дағы түтігіп,
Таппады дос ешкімді.
Қатты сасып тажалдан,
Топ шеңгелге бет қойды.
Құтылған соң ажалдан,
Сол шеңгелді жеп қойды.
Сөйтіп, қотыр торғайдың
Ыза-кегі қайтыпты.
Куәгері сол жайдың –
Ел ертегі айтыпты.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы