Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  139


Автор: Абдрахман Асылбек

Айналайын ағалар

Ерке киік асқар тауды паналар,
Ерке тоты қалауынша таранар.
Паналаймын, еркелеймін мен солай,
Өздеріңе сенгендіктен, ағалар.
(А. БАҚТЫГЕРЕЕВА. Жайық қызы. «Жазушы», 1980 ж. 58-бет)

Көктемде ала қанат аралар
Алуан түрлі гүлдер бағын аралар.
Олар жиған балауыздың бағасын
Ағасы бар адам ғана бағалар.
Қайғы-мұңсыз қара сирақ балалар
Балық аулап, қара суды жағалар.
Олар солай қаңғыр ма еді күн ұзақ,
Болса егер арқа сүйер ағалар?
Ерке киік асқар тауды паналар,
Ерке тоты қалауынша таранар.
Ер жігіттер жаратылып ерекше,
Күнін көрер болмаса да ағалар.
Қыз жүрегі аса нәзік жаралар,
Өз бетінше өркендер қай шама бар?
Алдарыңда қарыздармын қашан да,
Айналайын, асқар таудай ағалар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу