Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  298


Автор: Қалижан Бекхожин

АУМАҒАН ӘКЕСІНДЕЙ

(Павлодар облысындағы «Қызыл қоғам» совхозының аға шопаны Әбілтай Қосыбаевқа)
Жазығына қарап бір Жамбабаның,
Бала күнгі дүзіме таң қаламын...
Қайда менің нағашым нар төбедей,
Өрісінде түксиген маң даланың?
Таныр едім жай басқан жүрісінен,
Бір күні жоқ ғұмыры ірісінген.
Қойлар өрсе биіктеп бетегеден,
Сүйсінетін қырына ырысы кең.
Колхозында қадірлі шал атанды,
Өрді талай алдынан қой отарлы.
«Қызыл қоғам» ұрпағы білесің бе,
Қоғамыңа құт болған сол атаңды?
 Ақ боранда, Ертістің жотасында,
Сонау қиын, қатерлі жұрт асуда,
Қорғап қойын аязда сілкінген қарт,
Бәйтеректей мұз қатқан бұтасына.
Бәріне де куә ғой сұр даласы,
Белгі бар ма, ізіне бір қарашы.
Толқындары көп қойдай топырлаған,
Ертісімнің тұсында тұр моласы.
Құлазыған ол жоқта дала-сынды,
Сағындым мен сол момын нағашымды.
Қайда екен қозыдай соңына ерген,
Бар еді бір қаршадай балашығы?
Дымқыл қырда бұлт басып манаураған,
Қой соңында басқан кім баяу қадам?
Ол Жәкеңнің жалғызы – Әбілтай ғой,
Әкесіндей жүрісі, дәл аумаған.
Қойын тастап сортаң көл жағасына,
Маған қарай аттады ол асыға.
Мойыныма асылды балаша ол,
Еркелеген өзімдей нағашыма.
Балалығы бірақ та кетті алыстап,
Әке өлді, өзінше жолды нұсқап.
Жалғыз ұлы жасынан қозы бағып,
Әкесінің таяғын қалды ұстап.
Жиырма жыл сазды кешіп, желмен көшті,
Арттай талай қалдырды өр-белесті.
 Өзі әке – өрімдей сегізіне,
Өрісінде қаншама төлдер өсті.
Көп оқумен ол басын қатырмады,
Оған мектеп – айнала атырабы.
Қай қырқада изен бар, қайда нәр бар,
Бала шақтан соларды бақылады.
Әкесіндей қадірлі айналаға,
Бірақ әке бейнетін ойға ала ма?
Жаппа тігіп әкесі көшіп жүрсе,
Сарайы бар ұлының айдалада.
Жаяу жүрді қайран шал өрісінде,
Салтанат бір құрмады сол ісінде.
«Москвичпен» құйғытып бұл шопаның,
Кейде ұқсайды даланың серісіне.
Күйкі болды әкенің күй-тұрмысы,
Бөлек енді қойшының шырқы-түсі.
Кітап таңдап ұлдары таласады,
Астанада – оқуда жүр тұңғышы.
Бұталардай ұлдары қайыңдағы,
Ұқсас бәрі, қалайша айырады.
Қантай, Қалтай, Сартай, Серікбайлар,
Әкесіне қойларды қайырады.
Сонау әке өтті бір алмай тыным,
Жұлқынды естіп майданнан солдат үнін.
Ал бұл шопан келіпті серуендеп,
Саясында гүл-бақты Алматының...
 Айтып отыр ол маған әңгімесін:
«Отарыма береке, мол ғой өсім.
Асып кеттім бұл күнде нағашыңнан,
Мені неге қартыңнан кем көресің?» –
Ол әзілдеп, осылай мақтанады,
Өлеңіме өзінше тоқталады,
«Мен жайында жазылған жыр жоқ па?» – деп
Кітабымның беттерін ақтарады.
Еркелейді ол маған бала-сынды,
Маған айтқан өкпесі жарасымды.
Бірақ, баурым, жырлауға қарыздармын,
Сенен бұрын сол бір қарт нағашымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Әбілтай немересі Әсемгүл Қалтайқызы
Аталарымыз туралы оқып бір марқайып қалдық. Қалижан атамызға мың да бір рахмет!
Алмас Қалтайұлы
Атамыз, әкеміз, ағаларымыз туралы

Пікір жазу