Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  291


Автор: Қалижан Бекхожин

ӘЛДИЛЕП ЕМ ӨЛЕҢМЕН

(Шапауға)
Әлдилеп ем өлеңмен,
Бесігіңде тербетіп, –
Көздеріңнен көрем мен,
Өскеніңді ер жетіп.
Көз алдымда тұр менің –
Қуыршақтай нәресте.
Жылағаның, күлгенің,
Жүгіргенің бәрі есте.
Жеңіл едің қаңбақтан,
Нәзік едің гүлден де.
Жетелеп сені ойнатқам,
Тәй-тәй басып жүргенде.
Күле қарап қасында
Айтқаны бір сыр екен.
 «Өсе ме деп осы да?» –
Сені ойлаған Сүлекең.
Жүрегі оның тулаған
Екпінімен өр күштің.
Ол қолымен бұраған
Толқындарын Ертістің.
Арқалаған жүктерді
Өмір үшін,
Сен үшін.
Өліп кетті, қалдырды
Саған өмір жемісін...
Таптың қалай үмітті,
Білімге сол кезінде.
Сол бір шақты қызықты,
Бала едің-ау өзің де.
Жайнаушы да үмітпен,
Қалқатайым, ер жеттің.
Жаспен емес, баспенен
Жас күніңді өрлеттің.
Уа, нәзік қыс, он бес жыл, –
Ішінде көп томдардың,
Ғасырлардан тасып сыр,
Қалай шыдап толғандың?
Менің қиял бағымда,
Нәзік қана гүлім ең.
От бар екен жаныңда
Майдандастың біліммен.
 Гүл еккізген үмітке,
Қуаныш қой қыз бала.
Жымыңдаған жігітке
Қараушы едім қызғана.
Енді өзің біл, бұл сырым.
Жарқырады шын бағың.
Шеш біліммен өмірдің,
Махаббаттың жұмбағын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу