Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  309


Автор: Қалижан Бекхожин

САҒЫНУ

(Бұл жырымды аяулы достарым: Тайыр, Жұмағали, Қасым мен Абдолла рухтарына арнаймын!)
Майдан ғой, өмір шіркін тұнбасы жоқ,
Кетіпті-ау, қатарымнан қимасым көп.
Мені әлде қалдырды ма, марқұм достар,
Фәниден жыр сарқытын жинасын деп?
Сірә, мен, байқасын деп кеткен шығар, –
Өскенін іздерінде көктеп шынар.
 Айтсын деп кеткен шығар ұрпағына, –
Бәріміз сайран кеше төккен жырлар.
Қалдырған шығар мені, естісін деп, –
Қыз-жырды, өрісіме өскен гүлдеп.
Естісін деп жұртымның осы күнгі
Үндерін сендерді атап, өскен гулеп.
Десе олар: –
Бізден қалып не бітірдің?
Сендерше жібектерін түтіп жырдың.
Арқалап бұл ғұмырдың алпыс тасын,
Асқардың құламасын күтіп жүрмін.
Өттім-ау, өлеңдетіп асуымнан,
Әлі де беймазамын асыр-шудан.
Не дермін?
Бүгінгінің бәрі мықты,
Бұл күнде
ақындар көп Қасымсынған.
Жайнап тұр поэзия болашағы,
Жыршы көп –
ұзын бойлы, аласалы.
Жүлдесіз кеттің сендер,
ал мыналар,
Озбай-ақ бәйгі алуға таласады.
Ал мен ше?
Хақым жоқ қой шегінуге,
Барабар жырым өткен сері күнге.
Уақыттың шабысына еріп келем,
Бүгінгі жас ұрпақпен сырым бірге.
 Іздерде сендер өткен сүрінбеймін,
Сендердің жырларыңды жырым деймін.
Сендердің атыңдағы көшелерде,
Кейде, тек сендерді іздеп күбірлеймін.
Кеземін құлазыған ой алаңын,
Сендерді қайтып мәңгі қия аламын?
Кейде бір жас ойнақтың ортасында,
Сендерсіз мәз болғанға ұяламын.
Уа, біздер албырт ек қой аласы жоқ,
Бөлдік пе мынау, дүздің арасы деп.
Бір ауылдың самала терегіндей
Бәріміз қатар өсіп, жарасып ек.
Әлі көк сол белестер біздер асқан,
Нұр құйдық жырымызға қызық шақтан.
Онда біз мансап іздеп керістік пе,
Жыр үшін дуылдастық қызу, шапшаң.
Мендей кім сені Тәке, аңсар бүгін?
Күншуақ мінезіңді айтар жырың.
Кем көрем қағысуға күйкілерді,
Іздеймін Қасымымның қайсарлығын.
Есімде сұрапылда толғанған күн,
Ызалы жүрегіндей Абдолламның.
Сағындым шеру жырын Жұмекеңнің
Сағындым ақылындай абзал жанның.
Бұл кезде ақындарға айқын ғалам,
Сендерге көргенімді айтып барам.
 Достарым, көз жұмғанша тіл беземей,
Өлеңнің ағысынан қайтып қалам?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу