Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  142


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖАЛЫН ЖАЛАУ

(Маңғыстаудың атақты мұнайшылары – бұрғышы Қазиз Әбдіразақов пен инженер Халидолла Махамбетовке арналды).
– Анау биіктегі жанып тұрған жалау не?
– Ол біздің жерімізден шыққан газымыз, әдейі түтікпен көтеріп жалау етіп жандырып қойдық.
(Маңғыстау әңгімесі)
Осы ма сол шаң қиян,
Жырау кеткен қарғыстап? –
Ақ сарайлар шаңқиған,
Жарқырап тұр Маңқыстақ.
Осы ма сол отты құм,
Шоқ басқандай аң қашқан? –
Өртегендей көкті күн,
Құмға жалын зәр шашқан?
Атан қомы қураған,
Алауына шарпылып,
Осы ма сол қу далаң,
Ата кезген шарқ ұрып?
 Осынау құмға көп тамған,
Оттай ыстық талай зар.
Құйын қуып аттанған,
Құм қорыған Адайлар.
Қайран ата жосыған,
Шаң дауылдан түңіле.
Тіл қатпапты осы маң,
Нұр жасырып түбіне.
Осы ма сол құм қиян
Кетті қалай жарқырап?
Оянғандай ұйқыдан,
Жағылғандай шамшырақ?
Кім соққызды нұр қатқан,
Жер астының тамырын?
Мұнай селін бұрқ атқан,
Құдіретті таныдым.
Қандай күшті тылсымы,
Жер шегімен жалғасқан?
Отты толқын ыршыды,
Өзектерден шаң басқан.
Қоламталы құм дүзден,
Соқты темір тамырлар.
Қиырға қан жүргізген,
Өзегінде жалын бар.
От өршіткен бұрғышы,
Айналасы құм сауыт.
 Керемет қой сол күші,
Жер емшегін тұр сауып.
Атса мұнай фонтанша,
Бұрқ етсе бір шыңырау, –
Мейлі жұртқа мақтанса,
Мақтанарлық сыр мынау.
«Танысаңыз – адаймын,
Танымасаң – құдаймын.
Жер құрсағын жібіттім,
Көзін аштым мұнайдың!»
Жаңғырықты кенді жер,
Соны қатты шырқады,–
Мұнайшы жас инженер,
Маңғыстаудың ұрпағы.
Емірентіп ол белді,
Қақты биік түтікті.
Жеңісіне өр белгі,
От жалыннан ту тікті.
Жанған сол бір шұғыла,
Мұнайшылар жалауы.
Сәуле берді құмына,
Жер астының алауы.
Жырау безген қияным,
Жоқ, адыра қалмады.
Елдің отты қиялын,
Ерлер қайта толғады.
 Сілкінді де шаң қиян,
Жыр да шықты алғыстап.
Ақ сарайлар шаңқиған,
Жарқырап тұр Маңғыстау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу