Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  1782


Автор: Қалижан Бекхожин

АҒАНЫ ЕСКЕ АЛУ

(Профессор Қайыржан Бекхожинге)
Жайылды Жаңа жылдың дастарханы,
Үйімде ұшырасты достар тағы.
Төрдегі орын бос тұр.
Ол кешікті,
Күтем деп жыл кеші де басталмады.
Кешікті төр иесі, дәм ағасы,
Әрқашан сақтаулы еді сыбағасы.
Телефон безектеді,
Суық сөзден
Айрылды сұп-сұр болып жыл арасы.
Айрылдым есімнен мен... түсім шығар,
Жылысты достар қайда, не сұмдық бар?
Гүрс етті нәлет шойын...
Шошып кеттім,
Рельстің дүрсілінен естілді зар.
Сұм қайғы, жоғал әрі, езбе мені,
Қартаң шақ қасіретке тез көнеді.
Бекін сен!
Ажал бір күн бәрімізге
Қапыда, қараңғыда кез келеді.
 Егіз қаз қатар ұшса жарасады,
Тетелес бірге талай бел асады.
Не шара?
Көзде жасым тұманданып,
Ағаның елестеді бала шағы...
Есті еді ол балалық көктемінде,
Кіші боп еркелік етпеді де.
Мені әке медресеге қойды матап,
Оқыды ол орыстың мектебінде.
Шала едім,
Ол Пушкинді таныстырды,
Құранды өзге жырмен ауыстырды.
Жанжалға шалдуар мен үйір едім,
Жасынан ол шатақтан алыс тұрды.
Комсомол аманатын еңсерді көп.
Мәз болдым,
Соңына мен ерсем гулеп.
Жиынға бірге бардым,
Жұрт айтысты:
«Екі ұлы Нұрғожаның белсенді», – деп.
Куә оған Керекудің көшелері,
Жайнаттың сонда жастық көсегені,
Аға-іні
Қос шынардай желкілдедік,
Бақытты өмір өзі еселеді.
Заманның болды биік өрен жасы,
Жасынан жақсыларға тең бағасы.
 Сайлады жиырмада комсомол,
Қараоба Кеңесінің төрағасы.
Көп еді дүркін істер сол бір тұста,
Аға ісі інілерге болды нұсқа.
Тұтқасын трактордың ұстадым мен,
Белсенді ол ұжымшарлық құрылысқа.
«Өнер алды – қызыл тіл» –
Екеумізді,
Өнерге баулып әке өлең тізді.
Өзі де ділмәр еді,
Ақанменен
Сайыста ұялтпаған көкем бізді.
«Сел соқса асқақтаған тау құлайды,
Асыл сөз сырын тотқа шалдырмайды.
Қағазға аттай желген он саусағым,
Бір күні көр лақатта саудырайды...»
Деп әке хатын жазып, көзін жұмды,
Қаламы қалды бізге болып үлгі.
Қайрекең тілшілікпен тілін безеп,
Дабылын «Жаңа ауылдың» қағып жүрді.
Оған тез кең ашылды сөз өткелі,
(Мен де бір тілші болдым кезектегі).
Танытты оның желгір қолтаңбасын
Семей мен Қостанайдың газеттері.
Қоңыр қаз қатар ұшты төбедегі,
(Әкетті ағысымен өлең мені).
 Ол талай өрендерге болды ұстаз,
Білгірі баспасөздің өнегелі.
Қуандым алып үлгі әр ісінен,
Байсалды, көтерімді терісі кең.
Қуандым – десе бір жас:
«Білім таптым,
Профессор ағаңның дәрісінен».
... Ауды түн.
Айыққан жоқ әзір есім,
Өткіздім жылдың әрең ауыр кешін.
Сөреден алып қайта оқып кеттім,
Ол жазған Баспасөздің шежіресін.
Медеу сол:
Аға жолы айқын екен,
Тұрайын, қашсын менен қайғы төтен.
Барайын достарыма.. бірақ, бірақ...
ҚазМУ-дің қасынан мен қайтіп өтем?
Бұл маңда кездесер ем туысыммен,
Бір мен бе, достарына тынысы кең?!
Бәрімен құрдасындай әзілдесіп,
Жарасып отыратын інісімен.
Кесілсе сыңар қолың қайтер едің?
Ол менің сая болған бәйтерегім.
Өзім де кәртемішпін,
Ал ол барда
Мен әлі кішімін деп айтар едім.
«Бір сен бе көтеретін зілдің жүгін,
Бұл аға тебірентті бізді бүгін», –
Деп достар тоқтау айтты.
 Жұбандым мен,
Ағаның медеу етіп ізгілігін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу