Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  133


Автор: Қалижан Бекхожин

ӨР БЕЙНЕҢ ӘЛІ ЕСІМДЕ

(Ақын досым Жұмағали Саинға)
Қайран Жұмаш!
Құштар ең сен өмірге,
Жаныңмен жалын берген өнеріңе.
Заманға ары таза азамат ең,
Дәуірдің құлаш ұрған кең өріне.
Таныдым жас шағыңнан,
Ер үніңнен,
Өршіген жүрегіңнің тереңінен.
Екеуміз бір көргеннен кеттік дос боп,
Аямай бар жақсыны бөле білген.
Берілді уақытыңа ынтық жасың,
Шын досқа берік еді ықыласың.
Жүрдік бір жырмен гулеп, ақылман Сен,
Білгір Мен, ойшыл Қапан, дулы Қасым.
Кең еді өлеңіндей парасатың,
Біздерге жөн айтқаның жарасатын.
Жұмеке-ау, талайларды тойтардық қой.
Біздермен тіл безесіп таласатын.
Батыл ең бұлтаңы жоқ, мысың берен,
Көлгірге кісісінген бас имеген.
Мен досың сенен қалып,
 Осы күнде
Жүремін аяғымнан басып әрең.
Онда біз құлаш ұрдық аңсап алға,
Тік тосып кеудемізді кең самалға.
Арнадық албырт шақтың бар қызуын
Елгезек жыршы болып комсомолға.
Жан едің қайыспайтын тұлғаң берік,
Өршілдік өлеңіңе берген көрік.
Соғыстың қан шоғына шарпылсаң да,
Оралдың кеудеңді сен тік көтеріп.
Өзі жыр өткен сенің қияларың,
Қашанда назды өлеңге ұя жаның.
Айрылып сендей достан, енді шал боп;
Күйбеңдеп жүргеніме ұяламын...
Өр бейнең, менің әлі тұр есімде.
Іздеймін налығанда кеңесуге.
Ел сүйген сенің үнің дүбірлейді,
Өзіңдей жүз ақынның кеудесінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу