Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  202


Автор: Қалижан Бекхожин

ОРДАСЫ КЕҢ БІЛІМНІҢ ҰЯМ ЕДІҢ


Шыңдаған қиялымды көрігімсің,
Жасымнан ыстық маған көрінесің.
Өзімдей өрендерді ұшырдың сен,
Ұрпаққа жемісіңді беру үшін.
Жайылған жапырағы бәйтерегім,
Саяңда жүзген едім ой тереңін.
Гүл берген жас шағыма, жырларыма,
Көктемім өзіңсің деп айтар едім.
Күмбезі сарайыңның алтын маған,
Ашылды маған сенде жарқын ғалам.
 Сағынам сенің ұстаз мінберіңді,
Сұңқарым Сәкен сонда саңқылдаған.
Ордасы кең білімнің – ұям едің.
Албырт кез шарықтаған қиял өрін.
Өзіңде өткен төрт жыл оралса бір,
Өмірдің елу жасын қияр едім.
Білмедім қалай зулап жыл өткенін,
Әлі де саған шәкірт тілектемін.
Көргенде, мақтанамын – тарлан тартқан
Не ғалым, не өнерпаз түлектерің.
Мыңдаған өреніңнің біреуі мен,
Көтерген өрге мені тіреуім ең,
Біздерге ой дарытқан ұстаздарды –
Көремін әкелердей тілеуі кең.
Оқытқан бәрімізді дәуір – дана,
Шықтық біз құшағынан дабыл қаға.
Аңсаған ұлдай ата шаңырағың,
Қараймын сенің сырлы қабырғаңа.
Разымын өткен сенде кездеріме,
Жарыстық жастық отпен сөз өрінде.
ҚазПИ-дің жас ұрпағы – сол отымыз
Жалындап тұр сендердің көздеріңде.
Ошағым, бір шоғыңмын ұшқан сенен,
Сансыз от лаулар сенен – оған сенем.
Атынан бурыл басты ұлдарыңның
Иіліп, құзырыңа сәлем берем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу