Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  87


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖАЗ ЖЫРЫ

(Әділбекке)
Машинадай қырдан асқан бұлдырап,
Қалайша тез өтті жазым зымырап?
Қалғаны ма сонау жолдың бойында,
Жасыл орман, шаңқан дала, шың бұлақ?
Кездім жазда жайма-шуақ жер үстін,
Саяларда сырды талай шертістім.
Алатаудан әнді шырқап Алтайға
Естім жырмен толқынында Ертістің.
Баянтаудың жаны дархан жасындай,
Аймалады мені сұлу Жасыбай.
Жүректерден леп жинадым жырыма,
Жазықтардан іздеп тапқан асылдай.
Өтті жазым көрген қызық түс құсап,
Разымын-ау, сапарыма түсті сәт.
 Елестейді алыстағы сағымдай,
Үш-Аралдың көліндегі кешкі шақ...
Көңілді ғой көктемдегі Қарғалы
Қандай ғажап қызыл гүлді орманы!
Ақын інім есіңде ме, сыр айтқан
Сұрша қыздың ерке назы, арманы?
Жасыл бақтар, жас мәуелер дүздегі
Жерлесімнің жылы шырай жүз, лебі, –
Қалды менің жүрегіме ұялап,
Бәрінің де сағынышты іздері.
Шөл де қалар өткіншіден сусындап,
Мен де сондай, өтті жазым, солды бақ.
Алды енді жапырақтар мазамды,
Шұбар түсті жыландардай сусылдап.
Жұпарымен шалқыған бір ой-арман,
Гүлдер семген, қызыл шоқтар қарайған,
Қасымда тұр, қылаң түкті бұтасын –
Қырау шалып, сида терек сорайған.
Ақын інім, жазда ғой деп жыр нәші,
Сен жырлашы, ойға батып тұрмашы.
Күзгі желден жылы сыбыр еспей ме,
Қарғалыға қайта барып тыңдашы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу