Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  151


Автор: Қалижан Бекхожин

ШАЛҚИ БЕР ӘНМЕН, КҮЙМЕН ҒАЗИЗАЖАН


(Ғазиза Жұбановаға)
Халқының тебірентуге наз сырларын,
Жасынан елжіреген ғазиз жаның.
Жан күйім шертілгендей серпілемін,
Естілсе әсем сазы Ғазизаның.
Тербетіп жұртын нәзік ән-күйменен,
Әз әкең Ақаң өтті дүниеден.
 Жамырап жаңғырықса оркестрі,
Көкте құс, жазықтағы жел билеген.
Өсірді Ақаң сені күймен тербеп,
Жайнадың нұр сипатпен, оймен сергек.
Құлпырдың жиындарда сандуғаштай,
Әсемпаз саусағыңды гүлдей сермеп.
Алдыңда гүл шашады жұртың сыйлап,
Халқыңның ризалығы саған сый, бақ.
Тыңдаса операны, теңселеді
Сүйіктің Әзірбайжан мұртын сипап.
Сергимін ырғағымен музыканың,
Толқиды құйындасам қызу қаным,
Өзіңдей наз сұлулар сыр шерткенде,
Солардың саусағына қызығамын.
Сүйінді сыр сазыңа сүйген халқың,
Асырдың әке даңқын, ата салтын.
Ұстазсың, сен баулыған жас өрімдер
Өрлеп жүр сен гулеткен ізбен жарқын.
Өмірдің қызығы ғой балғын ұрпақ,
Жаңғыртты айналаны, әнді шырқап.
Көрініп бәрі менің бөбегімдей,
Разы боп ақ шашымды қойдым сипап.
Ізгі ұстаз,
Баққан сүйіп гүл әлемін,
Нұр болып өрімдерге тисін лебің.
Құрметті мұғалімдер, тойларына
Арнаған сияпатым бұл сәлемім!
 Шертіліп тарих сыры, дәуір сазы,
Күйінде шырқалады ән сырбазы.
Үн қосып, жаңғырықса оркестрің,
Қобызбен күңіренеді Құрманғазы.
Еліңе өнеріңмен әйгілісің,
Халқыңның аспанындай ай, гүлісің.
Өнердің шежіресінде өрнектелді
Лебізің, музыкалы жан тынысың.
Әлі де балғын жастай бабындасың,
Желпи бер, ән өзегің жалындасын.
Серпілсін менің назды қарт жүрегім,
Шалқи бер, әнмен, күймен, қарындасым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу