Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  383


Автор: Қалижан Бекхожин

ТЕҢІЗДЕГІ СЫР

(Тахауи Ахтановқа)
Шалқиды өз ырғағын шертіп, теңіз,
Төгілер еміренсе еркін лебіз.
Толқын да тасқа тисе ыршымай ма,
Сондай-ақ кейде біз де серпілеміз.
Еңсесін өлеңімнің түсірмеуге,
Ұшырдым қиялымның құсын өрге.
Жартасқа күбірлесе бір ақбас шал,
Сол сырын түксигендер түсіне ме?
Ұғарсың сырын соңғы дастанымның,
Ол өзі үмітіндей достарымның.
Әуезі жырларымның өрши берсе,
Тірліктің тілемеймін басқа сырын.
 Қалыңдар ақша құздың бұлты күзде,
Сондай ғой, көңілімнің кілтін ізде.
Қайтесің тебірентіп тұңғиықты,
Не жетсін қайран әзіл, күлкімізге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу