Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  128


Автор: Қалижан Бекхожин

СОЛ БІР ШАҒЫҢ

(Ғалым қарындасым Фатимаға)
Есімде қалды, қалқам, сол бір шағың,
Алдымда тамылжытып ән шырқадың.
Тербелген наз жүректің лебізіндей,
Үніңе елтіп еді әншіл жаным.
Кеудемде, сұлу құмар жыр тулаған,
Сипатың, қалды ұйып, сыр тыңдаған.
 Есімде, қызыл арай жүзіңдегі,
Мәз күлкің еркелікпен сыңқылдаған.
Білсемші жүрегіңді бүлкілдеген,
Жасырдың шын назыңды іркіп неден?
Сұлудың көзін баққан ақынмын ғой,
Сырыңды сезген едім кірпігіңнен.
Уақыттың қандай шапшаң күй-ырғағы,
Біз мінген сол поездай зымырады.
Ғалымсың, топырақтың сырын баққан,
Жаныңды тұнған жоқ па сыр бұлағы?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу