Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  107


Автор: Қалижан Бекхожин

КӨШЕДЕ ЖАҢҒЫРЫҚТЫ АҚАН ДАУСЫ


(Атақты әнші Ермек Серкебаевқа)
І
Отырмын жұмбақ тасқа ойды шырмап.
Шоқы мен Көкшетауда сыры жұмбақ.
Бурабай буырқанбай қазір тыныш,
Күн шымшып, - айдын жүзі тұр шымырлап.
Шоқы мен Көкшетауда сыры жұмбақ.
Бұл таудың күмбезінде әсем сыр бар,
Тіл бітсе шертер еді асқақ шыңдар.
Осынау жұмбақ тасқа, сыр ақтарып,
Бір кезде ойлы Шоқан тұрған шығар.
Күрсінген шығар, қарап Оқжетпеске,
Халқының мүшкіл халі түсіп еске.
 Қиядан өткір көзі шалған шығар,
Қиырда тұрақтамай ауған көшке.
Көкшенің әр төбесі күмбезге тең.
Қонысқа, тұрақтауға – құтты мекен.
Атасы хан Абылай, осы тауға,
Бір сарай салдырмай-ақ кеткен екен...
Белгі жоқ шыңға тіккен ордасынан,
Хан бастап, дүрбелеңнен ел жосыған.
Шоқанға – елестейді сағым дала,
Осынау Жұмбақтастай сыр жасырған.
Мен таңмын – сарайларға сол маңдағы,
Масайрап орыс, қазақ ормандағы,
Сүйсіндім, бірақ менің жүрегімде,
Шоқанның дүбірледі армандары.
ІІ
Отырып Жұмбақтаста сыр тарқатам,
Көкшенің аңызы көп жұртына таң.
Ойымда елестеді тау жебелеп,
Бір жаққа Құлагермен жортқан Ақан?
Құмар жан қыз-ойнаққа, тамашаға, –
Төтенше жалғыз өзі тау аса ма?
Ителгі ілген қыздың зарын естіп,
Ер сері барған шығар арашаға.
Серінің сақтаған тау сыршыл әнін,
Тербеткен кербез үні шың-құздарын.
 Көкшеде сайраңдады қайран Ақан,
Сайратып сал жігіт пен сұлуларын.
Солардың құлағымда салған әні,
Кенеттен шайқалды көп шағалалы.
Тұсынан күмбез тастың аңырап ән,
Қыз-жігіт дүр сілкінді жағадағы.
«Ауылым қонған Сырымбет саласына,
Ғашық болдым ақсұңқар баласына.
Бидайыққа лайық, қарағым-ай,
Бөктергіге қор болып барасың ба?»
Қарындас-ай, енді, есен бол!»
Апыр-ау,
Есім ауып кеткен жоқ па?
Қарадым көл шетінде жүрген топқа –
Жағада сейіл құрған қыз-жігіттер,
Жүгірді сол ән шалқып шыққан жаққа.
Жөнелдім мен де шапшаң солай қарай
Жиын жұрт анталаған самаладай.
Шегіндей домбыраның дірілдеді,
Ырқымен әр дауыстың – жас қарағай.
«Ауылым қонған Сырымбет жел жағына!
Артық туған бала едің ел бағына.
Бидайыққа лайық дейтін сәулем,
Бөктергінің іліктің тырнағына.
Қарындас-ай, енді, есен бол!»
Мүсіркеп торға түскен қарындасты,
Ән тербеп, жиын жұртты қайғы басты,
 Ақанның аянышын естігенде,
Қыздардың көздерінен көрдім жасты.
Әнші кім?
асқақтаған қолын сермеп,
Дауысы Оқжетпеске кеткен өрлеп?
Ақанша «Сырымбетті» күңіреткен,
Әйгілі ән серісі сабаз Ермек.
Алдында тұрған қызға, мейіріммен ол –
Наз айтты: «Қарындас-ау, енді, есен бол!»
Соғылды алақандар, тау жаңғырып,
Толқыны ширық атып, теңселді көл.
Әншіні аймалады жастар гулеп,
Оралды құшағына жұпар гүл көп.
Сүйдім мен маңдайынан Ермекжанды,
Ақанға тартып туған сұңқарым деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу