Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  145


Автор: Қалижан Бекхожин

ЕРІНДЕРІМ КЕМСЕҢДЕП

(Қанабек Байсейітовты еске алу)
Ауру жанның
арқасынан сығалар –
Қарақшы ғой,
Бекежандай сұм ажал...
Мен еніп ем,
ол сәл ғана жөтелді.
Көріп мені
басын жылдам көтерді.
Әдетінше
үлкен көзі күлімдеп,
Сездірмеді
бойындағы қатерді.
 Көздерінің
алашығы ұлғайып,
Жанарынан жылысыпты
нұр тайып.
Сонда да ол
сөз сапырған сабаз ғой,
Қалжыңдады
жастығына жантайып.
Ақыным-ау,
неге келдің бұл жаққа?
Жыр жазуға
бұдан жайлы жер жоқ па?
Жатырмын мен
жаңа рөлге жаттығып,
Өнерім ғой
тапқан қартаң бұл шақта.
Үйрендім мен
қасаруды дем шықпай,
Іші құрғыр
іркіт толған торсықтай.
Желпінсем де
елпілдемей қу өкпем,
Соңғы рөлім,
әлі дұрыс тұр шықпай.
Әрекетсіз жату деген –
сор нағыз.
Шыдаймыз ба
сырқат деген – торға біз.
Театрдан сейілдік қой,
емхана –
 Болар соңғы
бебеу қағар ордамыз.
– Жоқ, Қанеке,
жүйріксің ғой жүлделі,
Жүйткисің сен,
әлі талай ілгері.
Лауреатым,
той жасайық,
жаңғырсын,
Ақындар мен әртістердің дүрмегі.
Той жасалық, бірақ сен шық тезірек,
«Қаламгерге» – қойшы бәрін әзірлеп.
Көңілдестің бәрін шақыр, ортада –
Қалқатайлар отырсын тек әзілдеп.
Білген бар ма кім өлерін
қай күні?
Бізге әлі
кең ғой өмір айдыны.
Сараң болма,
үлесіңді қос тойға,
Асуыңда алдың
сен де бәйгіні.
Дос тілегін
әзірмін ғой өтеуге.
Айтқаныңның
бәрін дайын етем де
Жүз сұлуды
шақырайын Қанеке,
Бірақ солар
Күләшіңе жетер ме?
 Егіз гүлдей өскен
өнер өрінде,
Құмар да жұрт
екеуіңді көруге.
Мәз болып ек,
қос жұлдыздай екеуің
Жарқ еткенде
сахнаның төрінде.
Өткенді айтпа,
өмір өзі сахна.
Кейде ұқсадық
жауға шапқан батырға.
Кенет кейде
сүйгеніңнен айрылып,
Ауырғанда
теңелесің пақырға.
Өткенді қой...
Алғы тойға бол, дайын.
Мен жаңа бір
ғашық әнін толғайын.
Доктор келді.
Жылжыдым мен қасынан,
Қарап маған,
сипап қалды маңдайын.
Төсегімде ұзақ жаттым
тыпыршып,
Денем күйіп, үнім шықты ыңырсып.
Селкілдедім
жыны буған бақсыдай,
Тұл бойымды
құрыстырған не қырсық?
 Көтерілген
өрт қызуы емес пе?
Қанекеңдей
болсамшы мен бір сәтке,
Төзбес басым,
тебірендім безілдеп,
Жатыр едім
Ғали кеткен төсекте.
Демім бітті,
сірә қазір тұншығам.
Көз жұмылды...
Елсіз оба, сұр шыған.
Есті қайдан
Төлегеннің наз зары,
Үркіп қаздар,
көл айнала сыңсыған.
Кешікті ол,
мамырлатты саз маңы.
Гүрс етті оқ...
Көл айрыла жаздады.
Көздеп тұрды
әзірейіл қарақшы,
Құлап түсті
махаббаттың боздағы.
Дір еттім де
кенет шошып ояндым.
Оққа ұшты ма,
қайран менің аяулым?
Тұр қасымда
жыламсырап емші қыз.
 Қанаң қайтты...
Тына қалды баяу үн.
Теңселіп мен
кетсем керек қол сермеп,
Сұм ажалға,
қайтып соққы берсем деп.
Дәрменсізбіз!
Аза жырым аңырап,
«Гәккуледім»
еріндерім кемсеңдеп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу