Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  132


Автор: Қалижан Бекхожин

АҚЫННЫҢ КЕГІ

(Отан үшін қанды майданда қаза тапқан ақын досым Абдолла Жұмағалиевке арнаймын)
Лапылдады, жанды кегім,
Жанымда ыза, көзімде жас.
Өлді ақын – ардагерім
Өлтірді жау сұм есуас.
Отқа түсті ақын жаны
Өртелді жас, есіл боздақ,
Ұлы түтін – ащы зары
Кетті іштегі кекті қозғап.
 Жаны сәби, әншіл бөбек,
Еркеледі-ау дүниеге аз?
Ақын еді туған бөлек –
Жастай өліп кетті-ау сабаз!
Күйді өлеңнің қызғалдағы,
Жанды гүлі аяп алар.
Толмай сөнді қызған шағы
Бітпей қалды поэмалар.
Поэзия түлегі еді,
От жүрегін ән билеген
Өр көңілі, тілегені: –
Көркейсе өмір, ән, күй деген.
Есер неміс қанға құмар,
Ажал отын қозғады да,
Өрт жіберді аямады,
Қазақтың жас боздағына.
Ашуменен елемеген,
Денесіне тиген отты,
Кеудедегі ызаменен
Дұшпанына жаудырды оқты.
Кетерінде дүниеден
Жаралы ақын шырқады өлең.
Өлең айтса, ән шырқаса,
Ойында жоқ өлем деген.
«Ей, есуас, жер жебірі,
Ат денемді, өрте мейлің,
 Артымда өлең қалса тірі
Мен жасаймын, мен өлмеймін.
Жаңа дүние аспанында,
Сыңсып ұшар жас өлеңім,
Шаттықпенен жас жаныма,
Ән шырқаса неге өлемін!»
Соны айтты да, құлады ақын...
Маздаған от бірге сөнді,
Қара түнек жамылды түн,
Бейуақытта ақын өлді.
Көктен үні күңіренді,
Өлеңмен оқылды аят,
Әншіл қазақ тебіренді,
Отқа түскен ақынды аяп...
... Мұңаймаңдар жас достарым,
Қайғырмашы сүйген жары,
Тірілтеміз өлеңменен
Жоғалмайды ақын жаны.
Кек күйігі отты өлеңдер,
Кеудемізден лаулап аты.
Улы найза ажал оқтай
Тиді барып жауға қатты.
Сәби ақын жендеттері,
Кек отына тұншығады,
Жоғалады ұлы тұман,
Жарқырайды күн шығады.
 Жаңғырығар сонда жас үн,
Қозғар ойды қалжыраған
Сонда көзден тыяр жасын,
Дос пен жары қан жылаған.
Ақын шығар жанған оттан,
Оянарда шаттық үнмен,
Көрер досты ойнап-күлген,
Құшақтасар тәтті өмірмен.
Қайғырмашы, дос пен жары,
Ән бөбегін, әлдилеген.
Тірілтеміз сәби жанды,
Көтереміз ән-күйменен.
Ташкент, 1943 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу