Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  88


Автор: Қалижан Бекхожин

ИӘ, ӨТТІ ЖАЗДАР...

(Әбділда Тәжібаевқа)
Иә, өтті жаздар, суық ойлар жалғасты,
Гүлдей солған шашымызды қар басты.
Мейлі, көндік, бірақ жалын жырыңа
Кәрілік деген қырау
қалай жармасты?
Өтті көктем, гүлді жырлар жазылған,
Сыр тыңдап ем сенің албырт жазыңнан.
Басымызды қар басса да, қалайша
Суынамыз
Махаббаттың назынан?
Қайран жастық,
Кеткені ме келмеуге?
Дерсің маған:
– Лажың бар ма көнбеуге?
Кәріліктен қызғанамын жырыңды
Сонау кезгі
Жас тұлғаңдай өр кеуде.
Түсінемін, жаз сырына құмарсың.
 Гүлді сүйген гүл тағдырын ұғар шын.
Бағыңда бір солып қалған теректі
Көріп, бір сәт
Күрсінген де шығарсың...
Иә, қар жауарда шіміркенер шырын бақ,
Сел алдында бұлбұл ұшар шырылдап.
Сондай-ақ бір,
Шыңнан кейде қараймыз
Шыңырауға
От қанымыз шымырлап.
Өтер ғұмыр, тағдыр солай, пендеміз,
Өстік бірақ қарап биік өрге біз.
Мейлі, құзда басымызға қар жауса,
Төксін күйді, босамасын пернеміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу