Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  296


Автор: Қалижан Бекхожин

СӘЛЕМ САҒАН, БАШҚҰРТСТАН!


Халқыма елің сенің дос, туысқан,
Бауыр жұрт, берекелі Башқұртстан!
Аяңды алыстан мен келдім аңсап,
Даланың сұңқарындай ұшқыр ұшқан.
Тағдыр бір заманалар өріндегі,
Бір көшкен бабалардың керуені.
Жаңғырған қырымызда дүбір қағып
Салауат Юлаевтың шерулері.
Естілген башқұрттарға ормандағы
Қазақтың мұңлы әні, армандары.
Еділ мен Жайық бойын жайлап қатар,
Ел болдық қыз алысқан құдандалы.
Көп еді сол заманда шалыс жолдар,
Бұл шақта қол ұстасты туысқандар.
Топтасты Орыс, Татар, Башқұрт, Қазақ, –
Октябрь толқынында тоғысқандар.
Уа, Уфа!
Ұшқындаған алауыңды
Бір кезде қарауытқан дала білді.
Өзіңде оқып өскен шәкірт қазақ –
Ұстазым болды менің бала күнгі.
 Шындық боп аталардың аңсағаны
Достықтың еркін есті таң самалы.
Аулымда башқұрт жігіт сырнай тартса,
Қосылып қазақ қызы ән салады.
Қыран да қиясына қарап ұшқан,
Әлемге бұл күндері даламыз таң.
Башқұрт дос, ақ сәлемім айтты саған
Даңқты Республикам – Қазақстан!
Мың сәлем ел-жұртымнан қайта туған,
Теңіздей дән шалқыған байтағынан.
Мың сәлем Алатаудан, Байқоңырдан, –
Өрінен ұшқандарға ай табынған!
Халқымның мейірімі пәк бастауынан,
Башқұртпен жылқы айдасқан дос ауылдан,
Бауырлар, жүз мәртебе ыстық сәлем,
Ақсақал аталар мен жас қауымнан.
Жарқырап алтын заман күн, айындай,
Отқа да, отынға да тұрағым бай.
Бұл күнде халқымыздың мерейі өсті
Ишимбай, Маңғыстаудың мұнайындай.
Сағынып егізіндей іздеп жүрген
Башқұрттар жайраңдады ізгі нұрмен.
Көргенде бізді – қазақ қардашларын,
Мархабат гүлі жайнап жүздерінен.
Аңызға таңғажайып ұқсап дәурен,
Шығирға болып-ақ тұр бұл шақ серуен.
Шақырған біздің тойға дархан башқұрт,
Бек зорсың-ау баршаңды құшақтар ем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу