Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  356


Автор: Қалижан Бекхожин

САЯТШЫ

(Ғабит Мүсіреповке)
Уақытқа сырын шертіп, бел-белеңі
Оянған өлке күймен тербеледі.
Жазыққа шығып сері ағытады,
Жараған Құлагерін көрмедегі.
Дүлдүлдің жолы ұзақ
дәуір сынды,
Қозғайды толқындай кім ауыр сырды?
Саятшы сеңгір таулы жыр көгіне
Ұшырды ұшқыр қыран-қауырсынды.
Қыраны қиялдардың өрін көріп,
Самғады қанатына беріп ерік,
Сонау кез сортаңынан
Ақан шықты,
Төріне дулы шақтың тебіреніп.
Серіге аз болды ма жар жақсысы,
Бәрінен Ақтоқты ғой ардақтысы.
Төккенде Ақан назын,
Жас қауымның,
Жалындап ұшпады ма арман құсы?
Жан зары үзілген қыз қырда ыңырсып,
Уа, ғажап!
Бізге қайта келді сыңсып.
 Егілсе алдымызда мұңды баян,
Ыстық жас кетпеді ме көзден ыршып?
Саятшы тұлпар мінер бұлаңдатып,
Сергиді түлкі соғып, бұланды атып.
Шаһбаз!
Сұлулардың ордасына,
Әкелді Қыз Жібегін сылаңдатып.
Жанында жаңғырығып жыр кешегі,
Лебінен бүгінгінің сыры еседі.
Жұртына төнсе қатер, қалап кезеп,
Майданды жауынгермен бір кешеді.
Тіл тәңір, өліктерге жан бітірген,
Керемет
Сөз жүрекке жанып кірген.
Зергер ол, сөзден соғып сарайларды,
Күмбезін айшықтаған нәзік сырмен.
Сақтап тұр саф алтынды тік тұлғасы,
Қияға сермеледі жыр құлашы.
Асса да жетпіс белден жаны дархан,
Бұл күнгі қыз-жігіттің тұрғыласы.
Ой тастап жазықтарға алдағы кең,
Елінің сырласады саңлағымен.
Жібекпен, Баянымен думандатып,
Келеді сол баяғы сал бабымен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу