Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  129


Автор: Қалижан Бекхожин

ТУЫСЫП КЕТТІ ЖЫРЫМЫЗ

(Орыс ақыны Владимир Цыбинге)
Кең даламды кезем көп
Гүл мен толқын ағылған.
Сонда жылы сезім кеп,
Москваны сағынам.
Сергітеді астанам
Лебіндей көп досымның,
Сенсің жақын басқадан,
Туыс үнмен қосылдың.
Достық даусы дүбірлі,
Толғаған күн-түнімен.
Менің қазақ жырымды
Бердің орыс тілімен.
Үндес сенің әуенің
Өзбек, қырғыз, тәжікпен.
Сол жырларды жебедің,
Ұлы сөзбен жазып сен.
Мен де саған бейіммін,
Ынтымаққа беріксің.
Біздерге кең пейілің,
Кеудесіндей орыстың.
 Өлең ұйтқып көңілде,
Бірге өтуге асығам,
Сәлем беріп Ленинге
Мавзолейдің қасынан.
Кезіктірем, шын дос көп,
Саған таныс, маған да.
Жүз жұртпенен үндесем,
Ұлы Қызыл алаңда.
Көмек беріп бауырға
Кеңейттік жыр әлемін,
Қазақша боп ауылда
Сенің де жүр өлеңің.
Көктем көлбеп жерімде,
Жарқырады шағыл күн.
Москваны, сені де
Кереметтей сағындым.
Бабам аңсап нұр күнін,
Бәрін барлап алыстан,
Қос ғасырдан көп бұрын
Россиямен табысқан.
Жақын түгіл жатыма
Құйылады шалқып ән.
Кел, жырыңды оқуға,
Тойға сені шақырам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу