Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  103


Автор: Қалижан Бекхожин

ШЫҢЫНДА АЛАТАУДЫҢ ТҰР ДИМЕКЕҢ


Жайнап тұр біздің дархан күйлі мекен,
Жалғасқан әр жеңісі – той ғой үлкен.
Даланың нулы көркін оймен барлап,
Шыңында Алатаудың тұр Димекең.
Бастадық мерекемен туған қысты,
Бұл аға биыл тіпті қуанышты –
Отанның ардагері Брежневтың
тойында –
Толғап қайтты туар істі.
Оймен жүр өзі бүгін ел ішінде,
Сыр айтып теміршіге, егіншіге.
 Көп көрдік бұл кісіні сұхбаттасқан,
Малшымен қалың малдың өрісінде.
Өзіне – дала дастан қызық сырлы,
Сүйеді дән шалқыған күзгі қырды.
Сағынып кездеседі диқандармен,
Осы аға, сұңғақ бойлы жүзі нұрлы.
Түсінем миллиардтың музыкасын,
Иген жоқ оңай ғана түз ықыласын.
Миллион өрендердің, бұл майданға –
Халық, серпілдірген күз құлашын.
Солардың арасында түз өрінде,
Көктемде, жазда, күздің нөсерінде.
Егінші жұртпен қатар, Димаш ағай,
Жүрді бір – тың қатпарын көтеруге.
Инженер – заводтарда ол шыңдалған,
Ғалым – ол, көп ғылымның сырын алған.
Бұл күнде ел ағасы, ерен жігіт,
Алшаңдап асар әлі көп шыңдардан.
Абзал жан, даласындай пейілі кең.
Талайды аялады мейірімен.
Білемін үлкендердің разылығын,
Көп алғыс алды өскен – кейінгіден.
Пейілі әншілерге, ақындарға.
Ол әзір жұрт тілегін мақұлдауға.
Халқымның сүйіктісі – Димаш аға,
Көп жаса, дәуірлей бер шалқып алға!
 Қадірлі еңбегімен Отанына.
Ел болып сүйсінеміз атағына.
Біз көріп мақтанамыз Димаш аға
Тұрғанда – Политбюро қатарында!
Жақсыдан жарық түсер төңірекке,
Ізгі жан жая берсін нұрын көкке.
Аса бер асулардан ардақтымыз,
Көтеріп Республика туын көкке!
1982 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу