Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  112


Автор: Қалижан Бекхожин

САҒЫНУ

(Ардагер, ұстаз аға Сәбит Мұқановқа)
Қайран Сәбе!
Сағындым өзіңді мен.
Кетпейді өсиетің өзегімнен.
Жырыма қанат берген өзің едің,
Сонау бір жастық, албырт кезеңімнен.
Бірісің поэзия шыңдарының,
Мен өскен бауырыңдағы шынарыңмын.
Зердеме ұялады ұшқыр лебің,
Мен сенің ой-санаңмен суарылдым.
Кеудеңе Октябрьдің нұры тамған,
Сабаз ең тайталаста буырқанған.
Ойы жат қыңырларға шоғын шашып,
Жаныңда жалындаған жыр тұтанған.
Жасымда «Сұлушашқа» болдым ғашық...
Дауысың дәуіріңмен кетті ұласып.
«Советтің сөз әскерін» сапқа тізіп,
Алтай мен Көкшетаудан кеттің асып.
Сен мені сол бір сапқа жебеледің,
Өткіздім өз қолыңнан жыр елегін.
 Өткірлік, турашылдық –
берген үлгің,
Есімде – тайғанақта демегенің.
Аяңда алшаң басып өсіп едім,
Кейде бір соқса уақыт сұсты желін, –
Қамқорым, қорғап мені нөсерлерден,
Басыма қалқаныңды тосып едің.
Жақты ма әлде саған ақпа лебім,
Жаратып бәйгілерге баптап едің.
Махаббат дастанымды оқығанда
«Дұрыс», – деп арқамнан сен қаққан едің.
Бір мен бе?
Ұстаз едің шәкірті көп,
Ақталды сен аңсаған шарт пен тілек.
Бұл шақта Шоқан мен Ботакөздер
Жайқалып жаңа жырмен жатыр түлеп.
Өлеңнің өзің еккен, бағындамын,
Әттең, тек, артта қалды жалын шағым.
Достар көп,
Бірақ, Сәбе, өзіңдей ме,
Күрсінем, ойлап сені сағынамын.
Сағындым сенің жайсаң мінезіңді,
Жаңғыртқан жиындарда ду кезіңді.
Сағындым ақылыңды, әзіліңді,
Сағындым мейіріміңді, ақ сөзіңді.
Алдыңда емін-еркін тыныстадым,
Ұнайтын кейде тіпті ұрысқаның.
 Сен барда іні едім еркелеген,
Қазір, шал деген сұрғылт бір тұстамын.
Сен қазір сол балуан кезіңдесің.
Әлі де бастап жүрсің сөздің көшін.
Тарихтың мәр тасына кеттің жазып,
Халқыңның хикаясын, шежіресін.
Көзіме елестейді ізгі тұлғаң,
Астың сен сөз көшімен құзар шыңнан.
Қуан сен, ұстаз аға, күмбезіңде,
Келеміз жыр шалқытып біз артыңнан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу