Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  528


Автор: Қалижан Бекхожин

ҰСТАЗ ІЗДЕРІНДЕ

(Кемеңгер аға Мұхтар Әуезовке)
Күн сайын кәнік едік біз лебіне,
Дәрісті тыңдап өстік түз белінде,
Әлі де мен сезбеген сыр бар ма деп,
Қараймын ұстазымның іздеріне.
Жазықтан қарағандай шың басына,
Қараймын құздан биік тұлғасына.
Шынардай бәйтеректі саялаған,
Мұқаңның өрімделдік біз қасында.
Бір мен бе? Жүрген ізін ел іздеді,
Есінде ескен ізгі лебіздері,
Халқының аңыз күткен аңсарына,
Шалқыған қайран сөзі теңіз еді.
 Жұртының шертіп қилы шежіресін,
Жаңғыртты өткен күңгірт кез елесін.
Заманның тұңғиығын толғап терең,
Көтеріп кетті шыңға сөз өресін.
Әлемнің жарығынан алыстау маң, –
Абайды тебірентті – Шыңғыстаудан.
Қырына сөз нөсері себеледі,
Жаңбырдай көктемдегі тұңғыш жауған.
Ол жүрген жерде жайнап арайлы күн,
Ізінен шартарапқа таралды үн.
Әйгілеп қазақ даңқын, дүниені,
Мұхаңмен аралап жүр Абай бүгін.
Мұхаң жүр, жырдың ұзақ сапарында,
Алшаңдап Ұлылардың қатарында,
Кемеңгер сөз сөйлеп тұр, мерей қосып,
Даңқты республикам атағына.
Жеткізді әлемге ол – дала жырын
Халқының өр қиялын, даналығын,
Абай мен Мұхтарға біз ұрпақпыз, – деп,
Аулында мақтанады бала бүгін.
Ал өзім, сағынамын нұрлы жүзін,
Сағындым – кең мінезін, сыр лебізін,
Тағы бір үн қата ма ұстазым деп,
Іздеймін көшелерден жүрген ізін.
Теремін іздерінен жыр шешегін,
Данамен ой ақтарып тілдесемін.
 Халқымның құдіретіне, – Мұқаң сүйген,
Өшпестей жүрегімде туды сенім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу