Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  123


Автор: Қалижан Бекхожин

БАСЫ ҚАРЛЫ БӘЙТЕРЕК

Ақша таудың басына,
Көтерілдім төменнен.
Бурыл бұлттар аспанға,
Ұшып жатыр төбемнен.
Сарқыттай аз шақтарым,
Ауған сол бір бұлттардай,
Атандай баяу аттадым,
Арқамда ауыр жүк бардай.
Толқындармен арбасқан,
Басыма ойлар тиеліп,
Тұрдым түгін қар басқан,
Бәйтерекке сүйеніп.
Сенсең басын мұз құрсап,
Терегім тұр сұрланып.
Мен де тұрмын құз қоршап,
Еңісімде сыр қалып.
Ол ойлайды: «Өтті шақ,
Жапырағы жайқалған,
Бұтасына қонақтап,
Бозторғайлар ән салған!..»
 Енді бәрі тас тұйық,
Сол көзі жоқ қар маңы.
Сонда да тұр қасқиып
Дарақтардың тарланы.
Мен де тұрмын тіл қатпай,
Ой жүгіртіп тереңге.
Мәз күндерім бұлақтай,
Бұлаңдайды төменде.
Рауа, досым! Қыз, жігіт
Зымырады биіктен.
Шаңғысымен ызғытып,
Жарысып жүр киікпен.
Мұртты боздақ ән шырқап,
Сипалап тұр аршаны.
Бақытты ғой жас ұрпақ,
Қызық, сайран әр шағы.
Ал, түксиме, құрдасым,
Сілкін, қара асқарға.
Шаңғысымен ызғытып,
Қыран ұшты аспанға.
Қар басты деп жасқанба,
Найзағай бір ұрғанша.
Ақ басты досым, аспанға
Қарайықшы қыранша!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу