Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  718


Автор: Қалижан Бекхожин

МАХАМБЕТ ҚАБІРІ БАСЫНДАҒЫ ТЕБІРЕНІС


Далама біткен биігім!
Қабіріңді жасырған ба қу жазық?
Мүрдеңе келіп иілдім,
Өр даусыңды іздеп кеудем құлазып.
Сен,
Елімнің жапан шөлінде,
Арқырап аққан сел едің,
Кегін де, жұрттың шерін де,
Нажағайлы жырыңмен,
Көк нөсерге бөледің,
Нөпіріңнен қалса бір тамшы –
Жұтар едім,
Қызғышындай қызғанып.
Тұңғиығым, бұрқаншы,
Тебіренейін,
Жүрегімде толқыныңнан із қалып.
Бұлт тіреген терегім!
Меңіреу, оқшау қабірің,
Өзің мінген тұрманнан да аласа.
Бұл далаңа қадірің –
Асқақ еді,
Асқар таумен таласа.
Сен,
Шамырқанған болат ең,
Сүңгі болып,
 Хан тағына қадалдың.
Айбатыңа –
Дауылы күшті дала тең,
Бұзған талай іргелерін қамалдың.
* * *
От ауыздым, орақтым,
Жауға шапқан жарақтым.
Сенің найзаң – найзағай –
Шайқап ханның ордасын,
Жарқылдаған қаршылдап.
Тілің алмас найзадай –
Сескенетін хан-төре,
Жай түскендей қалшылдап.
Өзендей еді ызаң да,
Тасып кетіп,
Тар арнадан атылдың.
Қара бұлтты заманда,
Қарсы дауыл шақырдың.
Қарашаны хан ұлына теңгерем деп, –
Кек кернеген кіреукеңнің,
Күдіресін қанға батырдың...
Найзағайым!
Мұнарлы күн жарқ еттің,
Күркіреп бұлтты жардың да.
Күйігін күллі зар-кектің,
Бойыңа тартып жандың ба?
Атадан қалған ашуға,
От қостың ба лаулатып?
Аталы сөзге, асылға,
Оқ қостың ба жауға атып?
Ақын да шешен көп шығар,
 Батыр да төтен көп шығар, –
Жасыннан тартып от алған,
Жалындап кегі тұтанған,
Жауына сөзін,
Жай отындай жарқылдатқан,
Жарақтанған ханды,
Жарақсыз-ақ қалтыратқан, –
Ата қазақ жерінде,
Сендей де ақын жоқ шығар!
Тумасы жарық жұлдызым,
Тұлғасы алып шың-құзым!
Ошақтай орға қайтып сыйды екен?
Атаңа нәлет Ықылас,
Ата жұрттың асылын,
Балтаға қайтып қиды екен?
Ханның қара жендетін –
Ата жауым дер едім,
Тіріде маған кездессе,
Тап өзіңше жұлқылап,
Тірідей етін жер едім!
Ықылас кетті дозаққа...
Ақындарға –
Ықылассыздар бар әлі.
Сен төзбес едің мазаққа,
Жаныңа сақтап жараны.
Сен қарысқанға қайыспайтын емен ең.
Қырыңа қарсы түскенге,
Қайтпас еді сенің тілді селебең.
Сен тәкаббар таудай биік ең.
Ал, мен, –
Боқсақтағы боз қамыстай,
 Тоғышарға иілген,
Бошалақпын,
боз баспын.
Қойшы мінген жабымен
Бәйгіге түсіп озбаспын.
Сен, бейне
Мұздыбалақ қыран ең,
Қанатымен тас жарып
Ажалын күткен қиядан.
Мен кейде,
Жасықтардан жасқанып,
Өлімнен сескенгеніме,
Сенің аруағыңнан ұялам.
Машайыққа тауап еткен мүскіндей,
Тебіренемін басыңда,
Тіліңмен өткір үскідей,
Сөзімді жанап берші асылға!
Қайтып саған тілдесем?
Толқыр ма едің, теңізім,
Ендігі қалған жасымда,
Қабіріңе түнесем?!
Сен даламда,
Жыр сапырған дауылсың.
Мен құйында ұшқан бір түйірмін.
Сен қырдағы заңғар тауымсың,
Қабіріңді әрең таптым,
Еңкуінен бір қиырдың.
Исатайға, сен,
Соқтың сөзден мұнара.
Ол айбынды –
Үйшіктегі сарайдан.
Ардагерім,
 Саған жадау емес пе бұл ара,
Сырласатын бір бұта жоқ,
Айналаңда қарайған?
Мекенің құр жапан түз,
Күзетшің бір құлпытас.
Елеусіз қыр, сапарсыз,
Жолаушыны жуытпас.
Тасыңа сылбыр сөз тізген,
Қандай сымпыс, қай ділмәр?
Сөзіңе – сөнбес жұлдыз тең,
Жалынды айбын бар.
Керек емес даңқыңа,
Белгі темір, кеспек, қыш.
От жырларың халқыңа –
Өшпес мәңгі ескерткіш.
Кемеңгерім!
Мүсінші болсам соғар ем, –
Тұлғаңды алтын, асылдан.
Күмбезді биік салар ем,
Алатаудың басынан, –
Тұрсын деп,
Жартастан қасқиып,
Қарап жасынға,
Селебесін суырған,
Кіреукең – гауһар тас киіп.
Дауылды тартсын деп дулығаң!
Ұстатар ем найзаны, –
Найзағай ойнап ұшында,
Бұлбұлдар сайрап сайдағы
Қасыңнан қыран ұшуға, –
Қояр ем шыңға тұлғаңды.
Құйсын деп нөсер төбеңнен,
 Сөзіңдей зілді, бұршақты,
Ұрпақтарың төменнен,
Жайсын деп саған құшақты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу