Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  181


Автор: Қалижан Бекхожин

АБАЙМЕН СЫРЛАСУ

Жиылыс бітті.
Жалғыз мен залда қалдым.
Өтті міне,
Өлеңге арнаған күн.
Сонша неге шуладық?
Басым мең-зең...
Маған төрден қадалып
Қараған кім?
Ойлы көзбен
Ол төнді қабырғадан.
Көрді-ау, жаңа
Біздерді дабырлаған.
Әлде ұнатпай қалды ма?
Не түйінді?
Не айтпақ екен, өзі,
Кәзір маған?
– АБАЙ АҒА,
 Дауымыз жақпады ма?
Мұршамыз жоқ
Өзіңдей баптануға –
Жыр шіркінді,
Түйдектеп жазамыз да
Асығамыз
Жарыса мақтануға.
Биігіндей
Жыр деген даналықтың –
Сен жазыққа
Асқардай дара біттің.
Біз көппіз ғой
Төбе мен төмпешіктей,
Сен шыңысың –
Жүз жылғы аралықтың.
Арамызда
Өзіңдей биік құз жоқ,
Таласпаймыз
Таппаған тұйықты іздеп.
Жаңа ғана көрдің ғой,
Таласамыз –
Абайдан соң
Қайсымыз, биікпіз? – деп.
Сен өлеңді жазбадың
Жүлде тілеп.
Атағыңды тараттың
Жыр жетелеп.
Кітапсыз-ақ,
Даланы кезді сөзің.
Қаламақы қумадың
Сен ентелеп.
Ал біздер ше?
 Том-томдап жыр құрамыз,
Жүлде десе –
Мен бар! – деп жұлқынамыз.
Бұйымдарын өткізген бақалшыдай,
Жыр бағасын
Бұлдауға ынтығамыз.
Мейлің күл –
Ерсі болса кәсібіміз.
Дүниеқұмар емеспіз әсілі, біз.
Жидебайда
Жусаған жылқымыз жоқ,
Өлең ғана –
Нәріміз, нәсібіміз.
Иә, бізде көп,
Ду жиын, қызу кеңес.
Өлең үшін –
Боламыз қызыл өңеш.
Арамызда аға жоқ
Сендей дара,
Жасымыз да –
Көкпайдай кішік емес.
Бәріміз нән...
Сөз сырын кім сараптар?
Сынға қырын
Әлі көп қисалақтар.
Оралсаң сен –
Сайлар ек местком етіп,
Егер саған,
Қызметін қиса Жаппар...
 Дарындылар аз емес
Жырға шебер.
Аз да емес
Сөзуарлар тілмен шенер.
Жесір дауы,
Жер дауы –
Жоқ болса да,
Бізде де бар
Керезу Жиреншелер.
Солар тегі
Тақылдап сауысқандай,
Сәуерлейді-ау,
Қасымен қағысқандай,
Тырмысқанда,
Сондайлар, тасбақадай,
Сөйлегенде
Сірескен қайыс таңдай.
Аш кенедей
Жабысып денемізге,
Өрмелейді сондайлар өремізге.
Түймең түссе,
Түйедей зіл тағады,
Керіспей ше –
Сондайға көнеміз бе?
Ал сен жалғыз ашындың,
Ойлар тулап,
Армандарың
Шашылды сайға құлап.
Біз мың ойды
Гулесіп жаңғыртамыз, –
 
Шуламай ма
Тасырда қайнар бұлақ?
Біз солаймыз,
Жақтырма, мейлің сына!
Біз бұлақпыз –
Айдынның құйылысында.
Өзің де өршіп сөйлер ең
Қатыссаң бір,
Бұл күнгі
Поэзия жиылысына.
Сан заманнан –
Біз өскен дәуір мықты!
Арқалатты
Жырға да ауыр жүкті.
Жалғыз емес –
Жүз Абай
Қажет шығар,
Тербетуге қазіргі қауым-жұртты...
Кеше гөр!
Бұл сырым ғой, айтылмаған!
Сыр ашпаса –
Шыдайды қайтып адам?
... Ол күбірлеп,
Қозғалып қалды білем, –
АБАЙ АҒА,
Не ойладың, айтшы маған?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу