Өлеңдер ✍️

  05.04.2022
  350


Автор: Абдрахман Асылбек

Теңге туралы терме

Эх, Теңге қымбаттым,
Артықша сымбаттым!
Айтайын мен несін,
Жалғыз-ақ Теңгесің.
Көп құрбың қайда жүр? –
Кез келген жайда жүр.
Мыс тиын інің де
Қолда жоқ бүгінде.
Сиқырлы сыңғырың,
Соңғы рет сыңғырын
Тыңдап бір түнергем,
Еркіне жібергем.
Жаным-ау, жалғызсың,
Қалайша тән қызсын?
Үмітім, сенімім –
Сен ғана серігім.
Айнымас досым деп,
Көпке үлгі болсын деп,
Өзіңді мәңгілік
Өтейін ән қылып.
О, Теңге – ақшасың,
Әлемге патшасың!
Құзырлы патшасың,
Кім сынар патша ісін?
Теңселттің тақтарды,
Майданға ел аттанды.
Бір сөзің ұранда,
Бір сөзің Құранда.
Сені кім жаратқан?
Сені кім таратқан?
Саған жұрт ынтыққан,
Ертеден пір тұтқан.
Шап-шағын демесек,
Күшіңде жоқ есеп.
Құрсаулап күніңді,
Жерді де шайқайсың.
Білмей-ақ білімді,
Жұлдызды байқайсың.
Теңге, сен тақтасың,
Әлемге патшасың!
Білімді етіп монахтарды,
Белгілейсің манаптарды.
Ақылды етіп ақымақты,
Жарылқайсың батырақты.
Жойып барлық кемістікті,
Басқарасың кеңістікті.
Туғандарды паң етесің,
Атақ беріп, хан етесің.
Қорқақтарды қолбасшы етіп,
Әлсіздерді зор басшы етіп,
Тексіздерді текті қылдың,
Епсіздерді епті қылдың.
Ерлі менен зайыптыға,
Жас пен кәрі, байыптыға,
Дінсізге де, діндарға да,
Мырзаға да, мұңдарға да –
Бәріне де керексің сен,
Орның ерек, бөлексің сен.
Бойындағы барын сатып,
Абыройын, арын сатып,
Саған құштар әрбір кісі,
О, әлемнің Тәңірісі!
Билер-дағы байлық үшін,
Бұра салар заңның күшін.
Сенің үшін дінбасы да,
Кім кепіл, заң бұрмасына?
Сенің үшін соттар залым,
Әділ жанның соттар бәрін.
Сенің үшін елшілер де
Жалған айтпай көншігер ме?
Қуыс кеуде топастарға
Көмектесіп, қол бересің.
Бақталасқа, бақастарға
Еркін жүрер жол бересің.
Қосақтауға дайынсың сен
Жас жігітті жесірлерге.
Қыз беруге бейімсің сен
Егде тартқан есірлерге.
Сенің үшін, Күміс Теңге,
Бармас сойқан кім істерге?
Ата қарап ала көзбен,
Анасынан бала безген.
Сені қолға алу үшін,
Арамдыққа баруы шын:
Сұмдықты адам аз еткен бе?
Жазар өсек газеттерге.
Ақша үшін жан салады,
Аударма істеп, ән салады.
Ащы шектей өзі ұзын,
Түсініксіз, сөзі мылжың
Жазып повесть, романдар,
Көп қой сені сұрағандар.
Не жасалмас ақша үшін? –
Әлемнің зор патшасысың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу