Өлеңдер ✍️

  05.04.2022
  116


Автор: Абдрахман Асылбек

Екі кезең

Кеңестік кезеңде
Отан қорғау қарыз боп,
Яғни, парыз боп,
Оған ешкім қарсы шыға алмады,
Бірақ, бір әке шыдамады.
Әскери комиссариатқа барып отыр,
Бастығына қолқа салып отыр:
– Баламыз әскерге бармау керек,
Әке-шешесін қолдау керек.
Өйткені, ол жалғыз,
Ол кетсе, ал, біз
Қалай күн көреміз?
Деді бастық:
– Ағасы, үндемеңіз.
Балаңыз әскерге бармаса,
Айтқан сөзіңіз далбаса.
Күніміз күн болмайды,
Отанды кім қорғайды?
Аяқ-қолы балғадай,
Сарбаз болмайды ол қалай?
Денсаулығы жетіп тұр,
Комиссиядан өтіп тұр.
Жоқ, ағасы, болмайды,
Отанды ол қорғайды?
Әкесі айтты:
– Келгеніміз –
Сізге сенгеніміз,
Мынау біздің «тергеніміз».
Азырқанбай ал, құрбым,
Баланы бір жолға қалдырғын...
* * *
Көп баланы әскерге алып кетті,
Әкесінің баласы қалып кетті.

Тәуелсіздік тұсында
Кімде-кім өтемесе әскери парызды,
Мақсатына жетпейтұғын тәрізді.
Жетпейтіні – жетпейді,
Мемлекеттік қызметке өтпейді.
Осыны түсінген ата-ана
Қарап жата ма?
Бір әке бүгінгі
Әскери комиссариатқа жүгірді.
Бастығына барып отыр,
Қомақты қолға салып отыр:
– Баламыз әскерге бару керек,
Патриоттық тәрбие алу керек.
Әрі-сәрі болмау керек,
Отанды қорғау керек.
Сөзіме наныңыз,
Баланы әскерге алыңыз.
Бастық айтты:
– Болмайды,
Отанды қалай қорғайды?
Балаңыз комиссиядан өтпей тұр,
Денсаулығы жетпей тұр:
Өзі азып кеткен,
Аяқ-қолы нәзік неткен?
Көруі де емес онша сапалы,
Мылтықты қалай атады?
Былай деді әкесі:
– Әскердің жақсы ғой мәпесі.
Кем-кетігін күзеп жібереді,
Тез арада түзеп жібереді.
Көйлегі көк болса,
Тамағы тоқ болса,
Семіру деген сөз боп па?
Қосылып кетеді тез топқа.
Ал, мылтықты көзбен атады,
Әрине, дүрбімен көздеп атады.
Бара бермейік әріге,
Орнына келеді бәрі де.
Сөзіме наныңыз,
Мынау – қолдағы барымыз,
Баланы әскерге алыңыз.
* * *
Әкесі бастықтың қолына «салып кетті»,
Баласын әскерге алып кетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу